Comic Con Astana: Бес күндік фестиваль Астанаға 3,5 млрд теңге кіріс әкелмек
Астанада өтіп жатқан Comic Con фестивалі биыл алғаш рет қатарынан бес күн ұйымдастырылып отыр. Іс-шара аясында 75 мың келуші, оның ішінде 10 мың турист келеді деп күтілуде. Бұл туралы "Astana Tourism" орталығының өкілі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астанадағы Comic Con оқиғалық туризмнің жаңа драйверіне айналып келеді. Бұл туралы "Astana Tourism" туризмді дамыту орталығының департамент директоры Базарбек Қамысбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, биыл фестиваль алғаш рет қатарынан бес күн өтеді және бірден екі алаңда – Астана Арена мен Барыс Аренада ұйымдастырылып отыр.
Қазіргі таңда екі локацияда да халық көп жиналып жатыр. Бұл фестивальге деген қызығушылықтың артқанын білдіреді. Жыл сайын туристер мен жергілікті тұрғындар тарапынан сұраныс жоғарылап келеді, – дейді Қамысбаев.
Биылғы Comic Con-ға 75 мыңнан астам адам келеді деп жоспарланса, олардың кемінде 10 мыңы – туристер.
Базарбек Қамысбаев атап өткендей, фестивальге келген әрбір турист орта есеппен күніне 118 мың теңге жұмсайды. Бұл – қонақ үй, тамақтану, көлік және басқа да шығындарды қамтиды.
Comic Con фестивалі Астана қаласының экономикасына тікелей әсер етеді. Биылғы фестиваль аясында қала қазынасына 3,5 млрд теңге кіріс түседі деп күтілуде, – деді ол.
Оқиғалық туризм – Астананың басым бағыты
Қамысбаевтың мәлімдеуінше, мұндай ауқымды шаралар елордада оқиғалық туризмді дамытуға үлкен серпін береді.
Белгілі бір мәдени іс-шаралар кезінде туристердің келуі артады. Comic Con – жастар мен субмәдениет өкілдері үшін үлкен қызығушылық тудырады. Астанадағы бұл фестиваль – Орталық Азиядағы ең ірі комикс-фестиваль саналады, – деді ол.
Фестивальдің ерекшеліктері қандай?
Биыл үш бірдей Голливуд жұлдызы қатысады:
- Энди Серкис ("Сақиналар әміршісі", "Жұлдызды соғыстар"),
- Эсай Моралес ("Орындалмайтын миссия", "Озарк"),
- Скотт Эдкинс ("Неоспоримый», «Джон Уик 4").
Netflix-пен бірлескен тұсаукесер
Фестиваль аясында Қазақстан мен Испанияның бірлескен "La Tregua" (Перемирие) фильмі көрсетіледі. Туынды Карлаг тарихына арналған. Картинаны режиссер Мигель Анхель Вивас пен продюсер Эмилио А.Пина таныстырады.
15 млн теңгелік косплей байқауы өтеді
Халықаралық байқауға әлемнің бірнеше елінен косплей шеберлері қатысады. Қазылар алқасында Франция, Қырғызстан, Ресей мен Қазақстан өкілдері бар.
TEKKEN World Tour 2025
"Файтинг" жанрындағы Tekken 8 ойыны бойынша халықаралық турнир өткізіледі. 90-нан астам киберспортшы 400 мың теңге жүлде қоры үшін жарысады.
Мәдени көпір және шабыт алаңы
Фестивальдің бас продюсері Наталья Абрашкинаның айтуынша, Comic Con – бұл тек ойын-сауық емес, заманауи жастар мәдениетін таныстыру алаңы.
Фестиваль – шығармашылық қуатты біріктіретін платформа. Біз үшін бүкіл отбасымен келіп, жастарды қолдаған ата-аналарды көру – үлкен мәртебе. Бұл – шабыт пен пікірлес қауымдастықты табу орны, – деді ол.