CNN: Трамп Қытай көшбасшысымен кездесуге құпия дайындық жүргізіп жатыр

АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның негізгі кеңесшілері қазан айында Оңтүстік Кореяға жасалатын сапарға құпия дайындалып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл сапар Азиаттық-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастық ұйымы (АТЭЫ) министрлерінің кездесуіне орайластырылған.

CNN дерегінше, дәл осы жерде Трамптың ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен жүздесуі мүмкін.

Бұл ақпаратты Трамп әкімшілігіндегі үш шенеунік растаған.

Саммит қазанның соңынан қарашаның басына дейін Кёнджу қаласында өтеді және ол Трамп пен Сидің екіжақты кездесуіне негізгі алаң ретінде қарастырылып отыр. Шенеуніктердің айтуынша, екіжақты келіссөздер туралы елеулі талқылаулар болғанымен, түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Өткен айдағы телефон әңгімесінде Си Трампты әйелімен бірге Қытайға шақырған, ал Трамп өз кезегінде қарсы шақыру жасағанымен, нақты күндер әлі белгіленген жоқ.

Қазіргі уақытта сапардың егжей-тегжейі нақтыланбаған, сондай-ақ Трамптың күн тәртібіне қосымша аялдамалар енуі мүмкін екені де белгісіз.

Шенеуніктердің айтуынша, Ақ үй бұл сапарды АҚШ-қа жаңа экономикалық инвестициялар тарту мүмкіндігі ретінде де қарастырып отыр. Бұл мәселе Трамптың Сауд Арабиясы, Қатар және БАӘ-ге жасаған соңғы сапарларында да негізгі назарда болған.

Оңтүстік Кореяға жоспарланып отырған сапардың негізгі бағыты — экономикалық ынтымақтастық, — деп мәлімдеді CNN-ге Ақ үй өкілі.

Сонымен қатар сапар аясында сауда, қорғаныс және бейбіт атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық мәселелері де талқылануы мүмкін.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы