Емханаға тіркелудің жолдары қандай?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тегін медициналық көмек пен сақтандыру пакеттеріне енетін қызметтерді пайдалану үшін әр адам ең алдымен емханаға тіркелуі қажет.
Өйткені, кез келген пациент "басы ауырып, балтыры сыздағанда" бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін емхана дәрігеріне барады. Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Хабарламаға сүйенсек, пациент мемлекеттік емханаға ғана емес, Медициналық сақтандыру қорымен жұмыс істейтін жеке меншік клиникаларға да тіркеле алады.
Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тәртіп бойынша, азаматтар тұрақты немесе уақытша тұратын жеріндегі емханалардың бірін таңдай алады. Сонымен қатар, тұрғындардың жылына тағы бір рет емхана таңдау құқығы бар. Бірақ жаңа тәртіп бойынша бір әкімшілік бірлік (аудан) шеңберінде тіркелу қажеттігін естен шығармаған жөн, - делінген сақтандыру қорының хабарламасында.
Тіркелу жолдары қандай?
Бірінші – емхананың тіркеу бөліміне хабарласып, жазбаша өтініш жазу. Бұл әдісті:
· зейнеткерлер мен мүгедектер;
· студенттер;
· баланың және балалық шақтан мүгедектік алған тұлғалардың заңды өкілдері, қамқоршылары;
· шетелде туған балалар;
· түзеу колониясында жазасын өтеп жатқандар;
· әскери борышын өтеп жатқан жауынгерлер;
· сәбилер және балалар үйі тәрбиеленушілерінің, қарттар үйі тұрғындарының заңды өкілдері;
· ресми сенімхат арқылы тіркелетін тұлғалар пайдалана алады.
Екінші – электронды үкіметтің eGov.kz порталындағы жеке кабинет арқылы тіркелу. Бұл әдісті электрондық қолтаңбасы немесе кабинетке бір рет кіруге мүмкіндік беретін паролі бар азаматтардың бәрі пайдалана алады.
Тіркеу науқанына қатысты толық мәліметті Қордың 1406 бірыңғай байланыс нөмірі арқылы білуге болады.