19 Қараша 2026, 20:51 Фото: Freepik.com

Claude жасаушысы SpaceX-ті басып озып, рекордтық 107 миллиард доллар инвестиция тартты

Claude жасанды интеллектісін әзірлеген Anthropic компаниясы биржаға шығу кезінде 107 миллиард доллардан астам қаржы тартты. Бұл туралы BAQ.KZ Deutsche Welle-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Anthropic – 2021 жылы негізі қаланған америкалық компания. Оның басты өнімі – мәтін жаза алатын, сұрақтарға жауап беретін, құжаттарды талдайтын және бағдарламалауға көмектесетін Claude жасанды интеллекті.

19 қарашада компания қор биржасына шығады. Бұл инвесторлардың оның акцияларын сатып алып, бизнестің тең иесі атануына мүмкіндік береді.

Anthropic әрқайсысы 83 доллардан 980 миллион акция сатты. Инвесторларға қосымша сатылған акцияларды қоса есептегенде, орналастырудың жалпы көлемі 107 миллиард доллардан асты.

Бұл Илон Масктың SpaceX компаниясы биржаға шыққан кезде тартқан қаржысынан да көп. Ал Anthropic компаниясының өзі қазір шамамен 1,5 триллион долларға бағаланып отыр.

CNBC мәліметінше, Anthropic акцияларына деген сұраныс шамамен 500 миллиард долларға жеткен. Яғни, қаржы салуға ниет білдірушілер қолжетімді акциялар санынан әлдеқайда көп болды.

Алайда бір гәп бар: компанияның орасан зор құны оның үлкен пайда тауып жатқанын білдірмейді.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Anthropic 16,3 миллиард доллар түсім алғанымен, 80 миллиард доллар көлемінде таза шығынға батқанын мәлімдеді. Мұндай ірі сома негізінен компанияның күнделікті шығындарына емес, бухгалтерлік қайта есептеулерге байланысты.

Бұл қарапайым пайдаланушылар үшін нені білдіреді?

Акцияларды орналастырудың өзі Claude немесе басқа ЖИ-сервистердің бірден қымбаттайтынын не арзандайтынын білдірмейді.\

Дегенмен инвесторлардың рекордтық қызығушылығы бүгінде жасанды интеллектіні дамытуға қаншалықты қомақты қаражат құйылып жатқанын көрсетеді.

Компаниялар бұдан да қуатты ЖИ-жүйелерді жасап, оларды күнделікті өмір мен бизнесте қолдану аясын кеңейтуді көздеп отыр. Бірақ бұл үшін қымбат серверлер, жабдықтар және деректерді өңдеу орталықтары қажет.