15 Қараша 2026, 22:52 Фото: Алматы қаласы әкімдігі

City Run жарысы кезінде Алматының орталығында ауа сапасы тексерілді

Жарыс кезінде 10 шақырымдық бағыт бойындағы көшелерде автокөлік қозғалысы уақытша шектелді.

Бүгін, 15 қарашада Алматыда өткен City Run жүгіру жарысы кезінде Eco Almaty жылжымалы зертханасы ауа сапасына мониторинг жүргізді. Іс-шараға 25 елден 2 500 адам қатысты.

Өлшеу жұмыстары жарыс басталғанға дейін, оның барысында және аяқталғаннан кейін жүргізілді. Нәтижесінде көміртек тотығы (CO), азот диоксиді (NO₂), шаң, күйе және озон мөлшері сияқты барлық тексерілген көрсеткіштің шекті рұқсат етілген нормадан аспағаны анықталды.

Жүгіру бағыты 28 сәуірден бері жұмыс істеп тұрған шығарындылар деңгейі төмен пилоттық аймақ (LEZ) арқылы өтті. Бұл аймақты 2027 жылдан бастап тұрақты режимде іске қосу туралы шешім пилоттық жобаның қорытындысы бойынша қабылданады.

Жарыс кезінде 10 шақырымдық бағыт бойындағы көшелерде автокөлік қозғалысы уақытша шектелді. Сонымен қатар, «Бірінші болу – батылдық» қоры экологиялық бастамаларды жүзеге асырып келеді. 2026 жылы жарыс барысында жиналған 2,5 тоннадан астам қалдық қайта өңдеуге жіберіліп, қайта пайдалануға арналған 4,4 тонна киім жиналды.

Айта кетейік, City Run Алматы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.