Елімізге Қытайдан келген 4 адам ауруханаға түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 6 қаңтардан бері ел шекарасынан 25 858 адам өткен. Сол азаматтардың 23-інде дене қызуы көтерілген.  

4 адам ауруханаға жіті респираторлық вирустық инфекция диагнозымен жатқызылған. Қазір тексеру жүріп жатыр.

Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Қазір Қытай Халық Республикасының 30 провинциясында 4515 адам коронавирустық пневмониямен тіркелді. Олардың арасында 106 науқас көз жұмды. Жалпы, қазір дүние жүзі бойынша 15 елде 80 науқас тіркелген. Ең көбі – Гонконгта 8 науқас, Тайландта 7 науқас. Басқа да мемлекеттерде тіркелді, солардың ішінде Франция, Жапония, Оңтүстік Корея, Америка Құрама Штаттары бар. Бұл мәселе халықаралық ұйымдардың қарауында. Өздеріңізге мәлім, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының осы шара бойынша ерекше жауапкершілігі бар. 2020 жылдың 23-24 қаңтарында осы ұйымның төтенше комитетінің шұғыл отырысы болды. Шешімі Қытайдағы төтенше жағдайды Халықаралық төтенше жағдай деп танымады. Қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гибрейсус Қытайда. Осы сапардың нәтижесі бойынша қосымша ақпарат күтіп отырмыз. Сонымен қатар, біздің Денсаулық сақтау министрлігі АҚШ Ауруларды бақылау орталығы, Қытай Денсаулық сақтау министрлігі, РФ Денсаулық сақтау министрлігі және басқа да мемлекеттердегі әріптестерімізбен байланысып, жұмыс жүргізіп отырмыз. Жалпы, Қазақстан бойынша Үкімет арнайы осы жағдайға арналған жоспар қабылдады, - деді Елжан Біртанов Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз конференциясында.
Айтуынша, ауруханаға түскен азаматтар 3 тәулік ішінде толық тексеріліп, нақты диагнозы қойылады.
6 қаңтардан бері Қытай Халық Республикасынан кірген тұлғалар жіті тексеріледі. Бүгінге дейін Қытайдан 25 858 адам кірді. Бұлар – Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтары. Олар туралы ақпараттар ДСМ беріледі, әрі қарай жергілікті жерде бұл азаматтармен бақылау жүргізіледі. Бүгінде 23 адамның дене қызуы көтеріліп, тіркеуге алынды, бақылауда. 4 адам ауруханаға түсті. Қазіргі уақытта бұл науқастар ОРВИ диагнозымен жатыр. Қазір қан талдауы жүргізіліп жатыр және 3 тәулік ішінде толық тексеру жүргізіледі. Содан соң тиісті ем қабылдайды, - деді бас дәрігер.
Бұған дейін Құл-Мұхаммед коронавирусқа қатысты маңызды мәлімдеме жасаған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы