Чилиден қазақ даласына: Домбыра Марияның тағдырын қалай өзгертті?
Димаш Құдайбергенді тыңдаған сәттен бастап Қазақстанға да, домбыраға да қызығушылық оянды.
Чили тұрғыны Мария Муньос қазақтың қоңыр домбырасын меңгеріп қана қоймай, қазақ тілін де үйреніп жүр. Мұхиттың арғы жағында отырып, ол домбыраның үні арқылы өзіне жаңа әлем ашқанын айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
– Қазақстан мен домбыра туралы алғаш қалай білдіңіз?
– Әріптесім бір күні маған Димаш Құдайбергеннің «Sinful Passion» әнін тыңдатты. Кейін оның «Адай» күйін орындаған видеосын көрдім. Сол сәттен бастап Қазақстанға да, домбыраға да қызығушылығым оянды.
– Неліктен дәл домбыраны таңдадыңыз?
– Ол кезде қазақтың басқа аспаптарын білмейтінмін. «Адайды» тыңдап отырып, «екі ішектен осынша күш қалай шығады?» деп таңғалдым. Домбыраның қуаты мен терең қоңыр үні мені бірден баурап алды. Оның тарихын зерттей бастадым, түрлі күйлерді тыңдадым. Мен бірнеше аспапта ойнаймын, бірақ домбыраның орны ерекше.
– Домбыра тартқанда қандай күйде боласыз?
– Әр күй әртүрлі әсер береді. Алғаш үйренген күйлерім – Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» мен «Алатауы». «Ата толғауы» жүрегімді тербеп, балалық шаққа жетелейді. Ал «Алатау» терең ойға батырады. Домбыра тартқанда айналамдағы әлем тоқтап қалғандай болады. Өзімді қазақ даласында жүргендей сезінемін.
– Қазір қандай күйлер орындайсыз?
– Қоржынымда «Ата толғауы», «Алатау», «Ерке сылқым», «Көңіл толқыны», «Кербез сұлу», «Адай», «Келіншек», «Би», «Наурыз», «Кеңес», «Салқұрен», «Әке толғауы» бар. Қазір «Кісен ашқан» мен «Салтанатты» үйреніп жүрмін.
Маған ең жақыны – «Ата толғауы». Бірде осы күйді тартып отырып, көз алдыма киіз үй, сыртта жайылып жүрген мал, алыстағы таулар елестеді. Ол кезде қазақ ауылының қандай болатынын да білмейтін едім. Кейін интернеттен қарап, дәл сондай көріністі көрдім. Домбыра мені қазақ даласына жетелегендей болды.
– Домбыраны қалай үйрендіңіз?
– Көбіне өз бетімше. Алғашында арнайы бағдарламамен, кейін YouTube арқылы үйрендім. Онлайн сабақтарға да қатыстым. Ең қиын болғаны – оң қолдың жылдамдығы. Саусақтарым ауырып, жараланып та қалды. Бірақ тоқтамадым. Кейін кәсіби домбыра сатып алып, машығымды жетілдірдім.
– Қазақ тілін не үшін үйрендіңіз?
– Қазақ әндерін жақсы көремін. Тек тыңдап қана қоймай, мағынасын түсінгім келді. Сондықтан тілді үйрене бастадым. Қазақша ән айтып жүргеніме үш жыл болды. Кирилл әліпбиін меңгеру оңай болмады, бірақ қазір еркін сөйлеу үшін білімімді жетілдіріп жүрмін.
– Домбыра арқылы қазақ халқын түсінуге бола ма?
– Меніңше, иә. Домбыра – қазақ мінезінің айнасы. Бірде нәзік сыбырласа, бірде тұлпардың дүбіріндей дүрілдейді. Қазақ халқы да сондай: төзімді, рухы мықты, жүрегі жылы.
– Қазақстанға келгіңіз келе ме?
– Бұл – менің ең үлкен арманым. Астана мен Алматыға барғым келеді. Нұрғиса Тілендиевтің музей-үйін көріп, домбыра жасаушы шебердің жұмысын өз көзіммен көргім келеді.
– Қазақ халқына айтарыңыз?
– Ана тілдеріңізді сақтаңыздар. Ол – баға жетпес мұра. Өз дәстүрлеріңізді жоғалтпаңыздар. Мен сіздерді өз елімді сүйгендей жақсы көремін. Домбыра өмірімді нұрға бөледі. Әр қазақ баласы домбырамен өссе екен деп тілеймін.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Жанерке Жәкен