Чехолдан жарты млрд теңгеге дейін. Қайырымдылық жасаған және соған мұқтаж болған кәсіпкерлер

Әне-міне дегенше 2022 жыл да аяқталып қалыпты. Кеше ғана Жаңа жыл деп мәз болып отырғанда, бір заматта аласапыран келіп, елімізде  қаңтарда қырғын болды. Қанша азаматымыздан айырылып, қайғырдық. Тағы бір сорақы – «іштен шыққан жау жаман» дегенге тап болдық – отанымызға опасыздық жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Коронавирустан кейін енді есін жиып жатқан кәсіпкерлердің мүлігі қирап, шығынға батты. Бұрын қарапайым халыққа қайырымдылық жасайтын бизнес енді өзі сол қайырымдылыққа мұқтаж болып қалды. Кім ойлаған...

Иә, қайырымдылық қазақтың қанында бар. Бұл сөз қайырылымдылық туралы айтылғанда бірден ойға түсетіні шүбәсіз. Сондықтан қаңтардан кейін де мемлекеттің көмегінен бөлек бизнес те бизнеске жәрдем берді. 

Біз қайырымдылық дегенді адам бойындағы жақсы қасиет деп білеміз, бірақ барлық адам қайырымдылық жасай бермейді. Осы орайда психолог Назигүл Аблахатқызынан кәсіпкерлердің қайырымдылығы туралы сұрап көрдік. 

Кәсіпкерлердің қайырымдылығы туралы айтатын болсақ, бизнесмен жасаған қайырымдылықтың өзіне де пайдасы бар. Біріншіден, кәсіпкер мен оның ұжымының абыройын, имиджін көтереді. Екіншіден, қоғамның оларға деген сенімі артады. Үшіншіден, мұндай компанияларда жұмыс істегісі келетін адамдар көбейеді. Төртіншіден, клиенттер ағылады. Яғни, бәрін қосқанда ұжымына білікті мамандар жиналып, клиенттері көбейіп, кәсібі өрге басады. Мұндай компанияда жұмыс істейтін адамдарды эмоциялық шаршау деген психиологиялық күй болмайды. Жанашырлық сезімі артады. Компанияда өте жақсы психологиялық климат орнайды. Қазақта «қайырым жасасаң, қайырын өзің көресің» деген сөз бар. Қайырымдылық жасаған кәсіпкер біреуге пайда тигізе отырып, өзіне пайда табады. Ол мұны пайда көрмеу үшін жасамауы мүмкін, бірақ ол бәрібер өзіне оң ықпал етеді, – деп түсіндірді маман.

Қаңтарда әріптесіне қайырымдылық жасаған кәсіпкер өз пайдасын ойлады ма, ойламады ма – бізге беймәлім, бірақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде кәсіпкерлер шамамен 100 млрд теңгеге шығындалған. Яғни, залал мөлшері аз емес. Қандай көмек болса да артық болмады.

Осы уақытта әлеуметтік желіде #күшімізбірлікте акциясы шу ете қалды. Ірі кәсіпкерлерден бастап, шағын бизнеске дейін шараға жұмыла қатысты. 

Рас, Алматыдан бөлек басқа қалаларда да зардап шеккен кәсіпкерлер болды. Тек басым бөлігі оңтүстік астанада болған соң сол қаланы жазуды жөн көрдік. 

Кәсіпкерлер палатасы Алматы қаласында төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге көмек көрсетуге дайын азаматтар мен кәсіпкерлердің тізімін жасайды, – деп басталған парақшада кәсіпкерлер бірнеше көмек түрін ұсынғаны белгілі болды. 

Кейбір кәсіпкер интерьер дизайны бойынша кеңес беру, интерьерді қайта құру, безендіру жобаларын тегін ұсынса, басқалары картридждерді толтыру, компьютерлік техниканы жөндеу, компьютерлерді құрастыру, сайттар мен мобильді қосымшалар жасау, бақылау бейнекамераларын орнату және жаңарту қызметтерімен қамтамасыз етті. 

Тіпті, кей күзет фирмасы ғимаратты жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанда күзет қызметін уақытша және тегін көрсетті. 

ҚР заңды тұлғаларына ұрланған тауарды қайтаруға және жеке тұлғаларға тауардың мәртебесін тексеруге көмектесетін сервис ұсынатын кәсіпкерлер де болды. 

Тізе берсек, көп. Міне, бұлардың бәрі – шағын кәсіпкерлердің қолдан келгенінше қайырымдылық жасауы.

Бұлардан бұрын алғашқы қомақты көмекті меценат, «ҚазАзот» АҚ басшысы Бахиридин Аблазимов жасап, кәсіпкерлерге көмек ретінде 500 миллион теңге берді. Қаржы «Күшіміз бірлікте» кәсіпкерлерге қолдау көрсету қорына аударылды.

Алматыда қираған, өртенген нысандардың көбі шағын кәсіпкерлерге тиесілі. Қанша заттар қирады, бүкіл Қазақстанда қирап жатыр. Оларға қолдау көрсететін қор ашылды деп естіп, өзімнің, ұйымымның атынан 500 млн теңге қаржылай көмегімді білдіргім келіп отыр, – деді ол.

Ал, жыл ортасынан асып, балалар сабаққа баратын шақ жеткенде – қыркүйектің басында Қостанай облысында орман өртеніп, 43 мың га жерді тілсіз жау шарпыды. Орман маңындағы аудандар өртке оранып, жұрт үй-күйсіз қалды. Елдің түкпір-түкпірінен ас-тұзы жоқ қостанайлықтарға да көмек кетті. 

Көпшілік бұл көмекке қазақ-өзбек деп бөлінбей, қазақстандық деп атсалысты. Тіпті мектеп оқушыларына дейін қосылды. 

Сондай көмектің бірін елордадағы Шанхай базарындағы жеке кәсіпкерлер жасады. Алдындағы сататын – затын сүйық майдан бастап дәретхана қағазына дейін, киім-кешек пен құрал-сайманға дейін базар жұртшылығы газель-газель қылып жөнелтті. 

Сотканың чехолына дейін әкеп жатқан халықтан айналайын. Қап-қап күріш, қап-қап ұнын тиеп тағы бір қолы ашық, көңілі кең ағайын келді, – деп сипаттады саудагерлердің көмегін видеоға түсірген журналист Бахтияр Хамит.

Тағы бір видеосында ол: «Ал, гумкөмегіміз (гуманитарлық көмек – авт.) кетті... Тілсіз жаудан зардап шеккен ағайынға, шамамен, 2 млн теңгеге 4 тоннаның жүгі жөнелтілді» деп жазды Бахтияр Хамит.

Мұның бәрін не үшін жазып отырмыз? Ешкімге ақыл айтатын жайымыз жоқ. Тек халық елімізде қайырымдылықты ірі компаниялардың жасағанына үйреніп қалған. Олар жыл бойы түрлі шара ұйымдастырып, барынша көмектеседі. Бірақ бүгінгі біздің кейіпкерлеріміз қарапайым базардағы сатушыдан бастап жарты млрд теңге бере алатындай ауқатты адамның қайырымдылық үшін тоғысуында. Екеуі де кәсіпкер, екеуінің де ниеті бір – қайырымдылық. 

Тағы бір жайт. Қайырымдылық жасайтын кәсіпкердің өзі де қайырымдылыққа мұқтаж қалуы. 

Қайырымдылық бизнес не бизнес емес деп бөлінбейді. Қайырымдылықты қолында барымен бөліскен оқушы да жасай алады. Қазақстандықтардың мықтылығы да осы шығар. Қандай жағдай болмасын, бірігіп, қолғабыс болады. Тек қайырымдылыққа мұқтаж ететін жағдайда қалмайық деген тілек бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы