Чехияда туризм саласы құлдырады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Чехияға 300 мыңдай турист келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 92% аз. Үкімет өкілдері дәл қазір саяхат саласын құтқару басты міндет емес, алдымен індеттің таралуына тосқауыл қою керек дейді. Ал шығынға батқан кәсіпкерлер тығырыққа тірелуде. Пандемияның салдарын ең алдымен жергілікті пансионаттар сезді. Бұрын Чехияның сауықтыру кешендері Еуропадағы ең үздіктер қатарында болатын. Бүгінде санаторийлердегі орындардың 85 пайызы бос тұр. Алдағы жазғы маусымда да оңалатын түрі жоқ. Эпидемиологиялық ахуалы ең нашар елдердің қатарындағы Чехияға баруға туристер жүрексініп отыр.

Ең ауыр жағдай Прагада. Жұрт бұл қалаға барғысы келмейді. Өзге шипажайлардағы жағдай сәл де болса тәуірірек. Біз жергілікті компанияларға қолдау көрсету бағдарламасын әзірледік. Ең алдымен ішкі туризмді дамытамыз, түрлі корпоративтік саяхаттар мен іскерлік кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Шекаралар ашылып, ковид-төлқұжаттары іске қосылғаннан кейін бір жыл ішінде туризм саласы қайта жанданады деген үміттеміз, – деп мәлімдеген Чехия туризм министрлігі бөлім бастығының орынбасары Томаш Кука.

Тек кемпингтер ғана өз бетімен күнін көріп жүр. Табиғатқа саяхаттар Чехияның тау-шаңғы шипажайларын алғаш рет артта қалдырды. Ал Праганың тарихи орталығы қаңырап қалды. Бұрын бұл ауданда туристер қаптап жүретін.

Шекаралардың ашылуы мәселені түбегейлі шешпесе де, туристердің көптеп келетініне сенімдімін. Үкімет қатаң шараларды күшінде қалдырады деп ойлаймын. Елге келушілер туралы қосымша ақпарат жиналып, полицияға тапсырылады. Бұл, әрине, орынды шара, десе де туристерді райынан қайтарады. Сондықтан біз мейманхана иелері бәріне көніп, не боларын күтіп отырмыз, – дейді Прагадағы мейманханалар жүйесінің инвесторы Мирослав Баранек.

Қазіргі кезде Чехия шекараларын тек Еуроодақ азаматтары мен елде оқитын студенттерге ғана ашты. Соның өзінде де мерзімі төрт күннен аспайтын тест нәтижесін тапсыруға тиіс. Ал қонақ үйлердің иелеріне арналған жаңа ережелердің тізімі мамыр айының соңында жарияланады. Міндетті талаптар ретінде бүкіл қызметкерлерін вакциналау және қонақтарының жүріс-тұрысы туралы мәлімет жинау қарастырылып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы