Чех іскер топтары Қазақстанмен ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі
Прагада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева мен Чех Республикасы Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Петр Тржешняктың қатысуымен Қазақстан – Чех бизнес-форумы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігі, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ және Чехия Сауда палатасы бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға мемлекеттік органдардың, ұлттық және квазимемлекеттік компаниялардың басшылары, салалық және өңірлік іскер-қауымдастықтардың өкілдері, сондай-ақ «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты», «Talas Investment Company», «BioProm Technologies» «Škoda Transportation», «Sigma Pumpy», «Czechoslovak Group», «Omnipol», «Primoco», «Tatra», «Zetor», «Transco Bohemia», «Ferrit» және т.б. жетекші қазақстандық және чех компанияларының басшылары келді. Форум жұмысына барлығы 100-ден астам делегат қатысты.
Іс-шараның ашылуында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Н. Нұрбаева, ЧР Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары П. Тржешняк, Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Б.Дүйсенбаев және Чехия Сауда палатасының Вице-президенті Р. Якубский сөз сөйледі.
Н. Нұрбаева өз сөзінде Қазақстан Орталық Азияда инвестиция тарту бойынша көшбасшы екенін атап өтті. Мәселен, тәуелсіздік жылдарында Республика 420 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартуға қол жеткізді.
Чех бизнесінің Қазақстанда бірлескен жобаларды іске қосуға деген қызығушылығының артуы еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға көп көңіл бөлінетіндігінің дәлелі болып табылады. Серпінді инвестициялық жобаларды іске асыру үшін бізде барлық қажетті алғышарттар бар.
Қазіргі уақытта Республика аумағында 140-тан астам бірлескен қазақстан-чех кәсіпорындары жұмыс істейді. 2022 жылы Чехиядан келген шетелдік инвестициялар көлемі 21,6 млн АҚШ. долларына жетті.
Өз кезегінде П. Тржешняк екіжақты ынтымақтастықтың оң динамикасын атап өтті – чехиялық статистика деректеріне сәйкес Қазақстанның Чехиямен тауар айналымы үстіміздегі жылдың 9 айында 16,8%-ға өсіп, 1 млрд. АҚШ. доллардан астамды құрады.
Пленарлық отырыс аясында «Kazakh Invest» Басқарма төрағасының орынбасары Р.Ибраимов қатысушылардың назарына Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктерге арналған презентация ұсынды.
Іс-шарада сондай-ақ Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы М. Пішембаев, ЧР Өнеркәсіп және сауда министрлігі департаментінің директоры М. Поспишил, «CzechInvest» сыртқы қызмет департаментінің директоры П. Котрс, «Skoda Transportation» Орталық Азия және Кавказ өңірлеріндегі сату жөніндегі Вице-президенті Р. Соркин және «Transco Bohemia» директоры М. Хоуштецкий сөз сөйледі.
Пленарлық отырыстан соң G2B және B2B форматында кездесулер өтіп, оның барысында Н. Нұрбаева «Ferrit» және «Sigma Pumpy» компанияларының басшылығымен келіссөздер жүргізді, сондай-ақ «Primoco» және «Omnipol» кәсіпорындарына барды. Чех бизнесінің өкілдері Қазақстанда өндіріс ашу перспективаларына үлкен қызығушылық танытты.
Н. Нұрбаеваның Прагаға сапары аясында Чех Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Й. Козакпен де кездесті. Әңгімелесу барысында тараптар сауда-экономикалық және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделі екендерін растады. Сондай-ақ машина жасау, ауыл шаруашылығы, нано-технологиялар, тау-кен өнеркәсібі және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды ілгерілетудің маңызды әлеуеті атап өтілді.