+19

ChatGPT миыңызды "өшіріп" жатыр: MIT ғалымдары дабыл қақты

ChatGPT секілді ірі тілдік модельдерді жиі пайдалану адамның сыни ойлау қабілетін әлсіретуі мүмкін. Бұл туралы Массачусетс технологиялық институтының ғалымдары жариялаған жаңа зерттеуде айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ғылыми жұмыс arXiv ғылыми платформасында жарияланған. Зерттеу аясында 54 ерікті қатысушы үш топқа бөлінген. Бірінші топ эссені өз бетінше жазса, екінші топ Google іздеу жүйесін қолданған. Ал үшінші топ ChatGPT-дің көмегіне жүгінген. Қатысушылар 20 минут ішінде филантропия тақырыбында эссе жазды. Жазу процесінде олардың ми белсенділігі электроэнцефалография (ЭЭГ) құрылғысы арқылы тіркеліп отырған.

Зерттеу нәтижелері келесідей:

– Ең жоғары нейрондық белсенділік өз бетінше жазған қатысушыларда байқалды;
– Орташа көрсеткіш – Google қолданған топта тіркелді;
– Ең төменгі белсенділік – ChatGPT пайдаланғандар арасында болды.

Бірнеше ай өткен соң қайта жүргізілген сынақ кезінде ChatGPT қолданған қатысушыларда жад және нейрондық белсенділік көрсеткіштері басқа топтарға қарағанда төмен болған.

Сондай-ақ сауалнама барысында бұл топтағы қатысушылар өздері жазған мәтінге аз қатысы барын сезінгені және оның мазмұнын нашар есте сақтағаны анықталды. Эсселерді бағалау нәтижелері де осы топтың көрсеткіші нашар болғанын көрсетті.

Зерттеу авторларының айтуынша, жасанды интеллект құралдары жазу процесін жеңілдеткенімен, оны тым жиі пайдалану адамның терең ойлау қабілетіне кері әсер етуі ықтимал.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы