ChatGPT хаттары полицияға жолдануы мүмкін – OpenAI түсініктеме берді
OpenAI компаниясы ChatGPT қолданушыларының чаттарын зиянды мазмұнға тұрақты түрде тексеріп отыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Futurism-ге сілтеме жасап.
ChatGPT-ден полицияға қандай ақпарат беріледі?
OpenAI қызметкерлері басқа адамдарға немесе ұйымдарға қауіп төндіруі мүмкін ақпаратқа ғана назар аударады. Мұндай деректер талданып, полицияға жолданады.
Біз басқа адамдарға зиян келтіруді жоспарлап отырған қолданушыларды анықтасақ, олардың хаттарын арнайы арналарға жібереміз. Ол жерде біздің пайдалану ережелерімізге үйретілген әрі аккаунттарды бұғаттауға дейін шара қабылдауға өкілетті шағын топ тексереді. Егер рецензент-мамандар жағдайдың өзгелерге ауыр дене жарақатын келтіру қаупімен байланысты екенін анықтаса, біз бұл деректерді құқық қорғау органдарына беруіміз мүмкін, – делінген хабарламада.
Қандай ақпарат "құпия" болып қалады?
Сонымен қатар, OpenAI өзін-өзі зақымдау жағдайлары туралы деректерді құқық қорғау органдарына бермейтінін атап өтті. Өйткені мұндай ақпарат ChatGPT-мен қарым-қатынас кезінде адамдардың жеке өмірін құрметтеу және құпиялылық құқығына байланысты жария етілмейді.
Жеке өмір шынымен қорғала ма?
OpenAI ережелерді де түсіндіріп өтті. Мысалы, ChatGPT-ді:
- өз-өзіне қол жұмсауды немесе өзін зақымдауды қолдау үшін;
- қару жасау немесе қолдану үшін;
- адамдарға зиян келтіру немесе мүлікті жою үшін;
- сервистердің немесе жүйелердің қауіпсіздігін бұзатын заңсыз әрекеттерге қатысу үшін қолдануға болмайды.
Алайда мұндай мәлімдемелер қайшылыққа толы. Бір ақпарат құпия болып саналса, кейбір хаттар қауіпті деп танылып, тексеріске жіберіледі. Кейін ол полицияға жеткізілуі мүмкін.
Осы орайда компанияның хабарламалары одан сайын күмән тудыруда. Өйткені ол OpenAI-дың жеке өмірді қорғау туралы ресми ұстанымына да қайшы келеді. Бұндай мәселелер New York Times пен басқа баспагерлердің компанияға қарсы сот ісі аясында туындаған болатын.
Олар ChatGPT хаттарын зерттеп, авторлық құқықпен қорғалған деректер модельдерді оқытуда пайдаланылған-пайдаланылмағанын анықтауға тырысқан. Ол кезде OpenAI мұндай талаптарды қатаң түрде жоққа шығарып, қолданушылардың құпиялылығы қорғалатынын алға тартқан еді.
Жасанды интеллект бақылаудан шыға ма?
Бұған дейін OpenAI бас директоры Сэм Альтман ChatGPT-ді психотерапевт немесе заңгер ретінде пайдалану құпиялылыққа кепілдік бермейтінін ескерткен. Егер сотқа шағым түссе, компания қолданушылардың ChatGPT-пен хат алмасуын сотқа тапсыруға мәжбүр болуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін ата-ана ұлдарының өліміне ChatGPT-ді айыптаған болатын.