OpenAI жасанды интеллект арқылы GIF-анимация жасау мүмкіндігін іске қосты
Жаңа модель дайын суреттерді дәлірек өңдеуге де мүмкіндік береді. Бұл ретте кейіпкерлердің сыртқы келбеті, тауарлардың ерекшеліктері мен брендтердің фирмалық стилі сақталады.
OpenAI компаниясы Images 2.6 атты жасанды интеллект моделінің жаңартылған нұсқасын таныстырды. Ол суреттерді 50%-ға жылдам жасап, статикалық кескіндерді анимациялық GIF форматына айналдыруға мүмкіндік береді.
Бұл туралы BAQ.KZ OpenAI компаниясына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңартылған модельдің басты жаңалықтарының бірі – мәтіндік сұраныс негізінде анимация жасау мүмкіндігі. Пайдаланушылар кейіпкерлерді жандандырып, тауарлардың қозғалыстағы бейнелерін әзірлей алады, сондай-ақ мемдер мен әлеуметтік желілерге арналған анимациялық элементтер жасай алады.
Жаңа модель дайын суреттерді дәлірек өңдеуге де мүмкіндік береді. Бұл ретте кейіпкерлердің сыртқы келбеті, тауарлардың ерекшеліктері мен брендтердің фирмалық стилі сақталады.
Компанияның мәліметінше, Images 2.6 бұған дейінгі шешімдермен салыстырғанда суреттерді 50%-ға жылдам жасайды. Әзірлеушілерге модельдің GPT-Image-2.6 Flare және Sunburst атты екі нұсқасы ұсынылған.
Flare жылдам жұмыс істеуге бағытталған. Сапа параметрлері төмен болған жағдайда ол бір суретті небәрі алты секундта жасай алады. Ал Sunburst жоғары детализацияны және өңдеу кезінде бастапқы элементтерді дәл сақтауды қажет ететін күрделі тапсырмаларға арналған.
Қосымша құралдар суреттің жекелеген бөліктерін белгілеп, сол аймақтарға өзгерістер енгізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ дайын жұмыстарды SVG форматында экспорттауға болады. Бұл форматтағы кескіндерді сайттарда, қосымшаларда және баспа материалдарында пайдалануға болады.
OpenAI компаниясының хабарлауынша, ChatGPT, Codex және API пайдаланушылары апта сайын шамамен төрт миллиард сурет жасайды. Бұл күніне жарты миллиардтан астам кескінді құрайды.
Images 2.6 моделі ChatGPT және Codex пайдаланушыларына әлем бойынша барлық тарифтік жоспарларда қолжетімді болды. Ал әзірлеушілер Flare және Sunburst нұсқаларын API арқылы пайдалана алады.