10 Қараша 2026, 07:30 Фото: depositphotos.com

ChatGPT-ге нені жүктемеу керек: Цифрлық ортада алаяқтан қалай қорғанамыз?

2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанда шамамен 15 мың интернет-алаяқтық тіркелді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға жуық аз. Былтыр осы уақытта шамамен 19 мың дерек тіркелген. Алайда көрсеткіштің төмендеуі интернеттегі қауіптің жойылғанын білдірмейді. Таныс адамның атынан келген хабарламаға, бейнеқоңырауға немесе баламен ойында достасқан бейтанысқа қаншалықты сенуге болады? BAQ.KZ тілшісі киберқауіпсіздік маманы Гүлдана Жұматаймен цифрлық ортадағы қауіптер мен олардан қорғану жолдары туралы сөйлесті.

Алаяқтықтың түпкі мәні өзгерген жоқ. Бұрын да адамдарды «Ақшаңды берсең, көбейтіп беремін» немесе «Бір үйіңнің орнына екі үй алып беремін» деп алдаған. Қазір де соған ұқсас уәделер айтылады. Өзгергені – бізге жету құралдары. Бұрын көшеде жолығып, қағаз таратса, қазір телефон мен электрондық пошта арқылы хабарласады. Гүлдана Жұматайдың айтуынша, цифрландыру күнделікті тіршілікті жеңілдеткенімен, жаңа мүмкіндіктерді алаяқтар да өз мақсатына бейімдеп отыр.

Оның пікірінше, алаяқтар әр аудиторияға жетудің өзіндік жолын таңдайды. Жұмыс іздеген адамға вакансия жарияланған сервис немесе электрондық пошта арқылы шықса, балалармен ойын платформалары мен әлеуметтік желілерде байланыс орнатуға тырысады. Мұнда алдымен сенім қалыптастырып, кейін белгілі бір әрекетті орындауға көндіру тәсілі қолданылады.

Ойындағы «дос»: балаларды қалай сендіреді?

Маман Roblox ойынында басталған таныстықты мысалға келтірді. Оның айтуынша, бала ойын барысында виртуалды дос тауып, кейін сол адамның ұсынысымен Telegram-ға ауысып сөйлескен. Әңгіме мектеп, сүйікті сабақтар мен күнделікті өмір төңірегінде өрбіген. Осы аралықта қарсы тарап баланың қандай құрылғы пайдаланатынын да анықтап алған.

Біраз уақыттан кейін әлгі адам ойында көп жетістікке жеткенін, ақша салып, түрлі зат сатып алғанын айтып, балаға сыйлық ұсынады. Бала қызығады. Егер ол iPad қолданса, «Мына логин мен құпиясөзді Apple ID бөліміне енгіз» деп нұсқау береді. Оған дейін баланың қандай құрылғы қолданатынын біліп алады, - дейді Гүлдана Жұматай.

Дипфейк: таныс бейне мен дауысқа сене беруге бола ма?

Сенімге кірудің тағы бір құралы - дипфейк. Жасанды интеллект арқылы адамның бейнесін немесе дауысын еліктетіп жасау таныс адамнан келгендей әсер қалдыруы мүмкін. Гүлдана Жұматай мұндай технологиялар дамыған сайын жалған бейнені сыртқы белгілеріне қарап ажырату қиындай түскенін айтады.

Бұрын жалған видеоны белгілі бір белгілерінен тани алсақ, қазір бұл өте қиын. Көзін жыпылықтатуы, тыныс алуы, сөйлеуі шынайы көрінуі мүмкін. Сондықтан танысыңыздан бейнеқоңырау немесе аудиохабарлама келсе де, бірден сенудің қажеті жоқ. Өзіңіз тексеріп, қайта хабарласқаныңыз дұрыс, - дейді ол.

Маманның кеңесі бойынша, күмәнді өтінішті бөлек байланыс арнасы арқылы нақтылау қажет.

Мәселен, ақша сұраған хабарламаны алған кезде сол әңгімедегі нұсқауды орындай салмай, танысыңыздың бұрыннан белгілі нөміріне өзіңіз қоңырау шалған жөн. Видеодағы қимылдың табиғи көрінуі адамның кім екенін растауға жеткіліксіз, - дейді ол.

«Менде ақша жоқ» деу қауіптен қорғамайды

Маман мұндай пікірді жиі еститінін айтады. Бірақ алаяққа адамның шотындағы ақша ғана қажет болмауы мүмкін. Аккаунтқа кіру мүмкіндігі, телефон нөмірі мен өзге де жеке мәліметтері оның құралына айналуы ықтимал.

Кей адамдар маған «Менде ақша жоқ» дейді. Бірақ сізден растау кодын алып, оны басқа сервистерде пайдалануы мүмкін. Қазір өмірімізді онлайн және офлайн деп бөлу қиын. Екі ортада қатар өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан цифрлық бейнемізді де қорғауымыз қажет. Құпиясөз - жеке үйіңіздің кілті секілді, -  дейді Гүлдана Жұматай.

ChatGPT-ге нені жүктемеген дұрыс?

Жасанды интеллектіге мәтін өңдетіп, құжат талдатып, кеңес сұрау күнделікті әдетке айналып келеді. Бірақ жүктелген файлдың ішінде өзіміздің немесе басқа адамның жеке мәліметтері болуы мүмкін. Кейде жұмысқа қатысты құжатпен бірге мекеменің құпия ақпараты да кетеді.

Ақпараттың таралуы өзіңізге немесе басқа адамға нұқсан келтіруі мүмкін болса, оны бөліспеген дұрыс. Яғни жеке құжаттар, жеке ақпараттар, келісімшарттағы деректер,сезімтал ақпараттар мен туған күні, айы жылын бөлісуге болмайды. Сондай-ақ әр мекеменің өз құпия құжаттары бар. Кейбірін басқа әріптестерге де көрсетуге болмайды. Мұндай ақпаратты жасанды интеллектіге де беруге болмайды, - дейді маман.

Себебі оның түсіндіруінше, мұндай ақпараттарды сақтайтын темірлер әр ресурсты шығарған елде сақталады.Егер ол сервиз АҚШ-тыкы болса, демек бідің деректер сонда сақталады деген сөз. Егер ол ақпарат тарап кететін болса, Қазақстанның заңнамасы онда әсер етпейді деген сөз.

Сондай-ақ жасанды интеллектімен сөйлескенде «Мұны есте сақтама» деп жазу да ақпараттың мүлде сақталмайтынына кепілдік бермейтінін айтады.

Мәселен, OpenAI түсіндірмесіне сәйкес, ChatGPT-дегі уақытша чаттар әңгімелер тарихында көрсетілмейді және модельді жетілдіруге пайдаланылмайды. Дегенмен қауіпсіздік мақсатында олардың көшірмесі 30 күнге дейін сақталуы мүмкін.

Сондықтан құжат жіберер алдында оның ішінде қандай мәлімет барын қарап шыққан жөн. Тапсырмаға қатысы жоқ жеке және құпия деректерді алып тастау -сақтықтың бір жолы, - дейді маман.

Алаяққа алданып қалсаңыз, не істеу керек?

Ал адам SMS-кодты айтып қойса немесе ақша аударып үлгерсе, не істейді? Гүлдана Жұматай мұндай сәтте болған жағдайды жасырып, көмек сұрауды кейінге қалдырмауға шақырады.

Адам қорқып, абдырап қалуы мүмкін. Бірақ ешкімге айтпай кетуге болмайды. Бірден банкке, ал басқа сервиске қатысты болса, сол сервиске хабарласу керек. Алаяқтыққа қатысты барлық мәліметті уақыт ретімен жазып алған жөн: қандай нөмірден хабарласты, қай жерде сөйлестіңіз, қандай сылтаумен алдады? Скриншоттар мен хат алмасуларды сақтап қою қажет, - дейді сарапшы.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми ұсынымында да банкке дереу хабарласып, картаны және мобильді қосымшаға кіру мүмкіндігін бұғаттау керектігі көрсетілген. Операциялар туралы ақпаратты, телефон нөмірлері мен хат алмасуларды сақтап, құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Полицияға 102 нөмірі арқылы хабарлауға болады.

Атыңызға алаяқтық жолмен несие рәсімделсе, банкке немесе микроқаржы ұйымына берген өтінішіңізді тіркетіп, полицияға арыз жазу маңызды. Кредитор әрекетсіздік танытқан жағдайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне eOtinish арқылы шағымдануға болады. Алаяқтық фактісінің өзі қарызды автоматты түрде есептен шығармайды: мәселе тиісті тексеру мен құқықтық рәсімдер арқылы шешіледі.

Гүлдана Жұматайдың кеңесі - күмәнді өтінішті тексеруге уақыт бөлу. Таныс дауыс естілсе де, жеке мәліметтеріңізді біліп тұрса да, асығыс шешім қабылдамаңыз. Ал алданып қалған жағдайда үндемей қалмай, банк пен полицияға дереу хабарласыңыз.