Cенаторлар қаза тапқан кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алды
Сенат cпикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 2 қараша күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бюро отырысы бір минут үнсіздікпен басталып, сенаторлар мен Аппарат қызметкерлері Қарағанды облысында болған төтенше жағдай салдарынан қаза тапқан кеншілерді еске алды.
Мәулен Әшімбаев қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ Сенат Төрағасы Мемлекет Басшысы апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін оқиға орнына арнайы барғанын атап өтті. Ел Президенті кеншілердің отбасыларымен және жақындарымен кездесіп, оларға қолдау көрсетіп, апаттың себебін анықтау үшін тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді.
Алдағы Палата отырысында сенаторлар «Астанада (Қазақстан Республикасы) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің жетпіс үшінші сессиясын ұйымдастыру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарайды.
Бұл заң Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуды көздейді. Заңды ратификациялау Ұйымға мүше мемлекеттер арасында Қазақстанның беделін нығайтуға және біздің елге деген сенімді арттыруға ықпал етпек.
Сондай-ақ Сенат nөрағасы алдағы Палата отырысында Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы аясында қолға алынатын ұлттық жобаларды іске асыруға және еліміздің үш жылдық бюджетіне қатысты мәселелер талқыланатынын атап өтті.