«Cен өмірді құтқара аласың». Елордада шеберлік сыныбы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы және «Астана» Оқу-клиникалық орталығы арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы Меморандум шеңберінде MEGA Silk Way сауда, ойын-сауық орталығында астанамыздың барлық ниет білдірген тұрғындары мен қонақтары үшін «Сен өмірді құтқара аласың!» атты тегін шеберлік сыныбы өткізілді.
«Әрбір адам алғашқы медициналық көмек көрсете білуі қажет: жарақатқа таңғышты дұрыс байлау немесе сынған жерге шендеуіш тарта білуі, қолдан демалдырып, жүрекке жанама массаж жасай алуы керек. Бір күні мұндай көмек ата-аналарыңызға, жолдасыңыз немесе жұбайыңызға, ұл-қыздарыңызға, туыс-жақындарыңызға және достарыңызға жедел жәрдем келгенше қажет болуы мүмкін. Сондықтан, шеберлік сынып барысында СОО келушілері алатын машықтар бір күні біреудің өмірін құтқарып қалуы әбден мүмкін», - дейді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары, Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы Зарина Керуенова.
Шеберлік сынып барысында «Астана» ОКО тәжірибелі дәрігер-нұсқаушылары СОО келушілеріне ересектер мен балаларға бірінші шұғыл көмек көрсетуді үйретті: кенеттен жүрек қызметі тоқтап қалған кезде дереу әрекет ету алгоритмін, жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерде, механикалық асфиксия (жоғары тыныс алу жолдарындағы бөгде дене) кезінде, түрлі жарақаттар алған (сыну, соғып алу, буынның шығып кетуі, күйік алу, қан кету) кезде бірінші көмек көрсету және т.б.
Шеберлік сыныптың ең белсенді қатысушылары ұйымдастырушылар атынан естелік сыйлықтармен марапатталды, ал ерекше көзге түскендер «Астана» ОКО-да тегін оқуға сертификат алды, ол жерде халықарылық сертификаттары бар тәжірибелі дәрігер-нұсқаушылар 10 жылдан бері медициналық және медициналық емес қызметкерлерге алғы симуляциялық технологияларды пайдалана отырып, дәрігерге дейінгі көмек көрсету машықтарын үйретеді.