CAWS 2025: Қазақстан халықаралық логистикадағы позициясын нығайтып келеді

Орталық Азия ғаламдық сауда маршруттарының басты буынына айналуда. Жеткізу тізбектері қайта құрылымдалып жатқан тұста Қазақстан өңірлік логистикалық хаб ретіндегі орнын күшейтіп, Қытай, Еуропа және Таяу Шығыс бағыттарын байланыстыруда. Бұл үрдістер туралы 16 қазанда Алматыда өткен Central Asia Warehouse Summit (CAWS 2025) барысында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Форумды қойма инфрақұрылымына инвестициялар мен консалтинг саласында маманданған IBC Global ұйымдастырды. Компания деректеріне сай, Қазақстандағы сапалы қойма алаңдарының көлемі 2 млн шаршы метрден асты – бір жылда шамамен төрттен бірге өскен. Өңірлік нарықтың жалпы көлемі 2,8 млн шаршы метр шамасында, оның көбі Қазақстанда шоғырланған. Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан жаңа жобалар мен инвесторларды тартуда.

IBC Global мәліметінше, 2025 жылдың үш тоқсаны қорытындысында Қазақстандағы қойма алаңдары 2 003 000 шаршы метрге жетті. 2024 жылдың соңында бұл көрсеткіш 1 575 000 шаршы метр болған. 2025 жылдың үшінші тоқсанына қарай «А» класындағы қоймалар үлесі 26,3%-ды құрады.

CAWS 2025-тің бас демеушілері – FIRST пен ALUTECH, сондай-ақ ASTRON, SPARK, FMCA, GRIFFIN PARTNERS, STANDART Project Bureau, ALKANOV GROUP, А СТАЛЬ АЗИЯ және ELP компаниялары. Олардың қолдауы өндірісшілер мен инвесторларды біріктіретін кәсіби экожүйенің дамуына серпін берді.

INFOLine және NielsenIQ деректеріне сәйкес, Қазақстан мен Өзбекстан өңірдің тұтынушылық және логистикалық өсім драйверлері. Қазақстанда бөлшек сауда 6-7%, Өзбекстанда 9% өскен. Электрондық коммерция көлемі 6 млрд доллардан асқан, бұл заманауи қоймаларға сұранысты арттырды.

CAWS 2025 аясында Орталық Азияда алғашқы қойма жылжымайтын мүлікке арналған инвестициялық қорлар – Eurasian Warehouse REIT OEIC Ltd. және Central Asia Warehouse PEF OEIC Ltd. құрылатыны жарияланды. Олардың жиынтық көлемі 250 млн доллардан асады.

InfoLine агенттігінің негізін қалаушы Иван Федяков атап өтті.

Біз әлі де қойма жылжымайтын мүлік тапшылығын байқаймыз, әсіресе Қазақстанда. Соңғы жылдары жеткізу маршруттары өзгерді. Қазақстан тек транзиттік аймақ қана емес, өсіп келе жатқан ішкі нарыққа айналуда: тұтынушылық көлем артып, экономика жаңа қуаттарды талап етеді, – деді ол.

CAWS 2025 нәтижесі өңір логистикасының жаңа кезеңге қадам басқанын көрсетті: қоймалар мен логистика толыққанды инвестициялық активке айналуда, ал Қазақстан капитал мен технологияларды біріктіретін жаңа логистикалық орталыққа айналып келеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы