Call-орталыққа тұрғындардан 37 мыңнан астам қоңырау келіп түсті
Бүгінгі таңда Түркістан облысында коронавирус індеті бойынша 33 факт тіркелді. Олармен жақын байланысқа түскендер саны 721 адам екені анықталды. Облыста індет фактісінің тіркелуі сиреп, жағдай қалыпқа түсе бастаған. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов айтты.
Қазіргі кезде науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, шағымы жоқ. Вирус жұқтырғандар оқшауланып ем қабылдауда. Аталған азаматтармен байланыста болғандарды анықтап, олардан тиісті анализдерді алып, қадағалап отырмыз. Жалпы облыс бойынша шектеу шараларының қаулысына сәйкес, 1 аудан, 6 елді мекен, 2 медициналық мекен, 3 тұрғын үйде шектеу шаралары енгізілді. Сонымен қатар, екі аптадан бері 109 Call-орталығы жұмыс істеп жатыр. Осы номерге тұрғындардан 37 мыңнан астам қоңырау келіп түсті. Ол жерде 30-ға жуық ерікті 24/7 тәулік режимінде жұмыс істеуде, - деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, өңірде төтенше жағдай басталғалы Келес ауданының тумасы, жеке кәсіпкер Данияр Қалымбетов кезекшілікте тұрған мамандарды тегін үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіп келеді.
Қазір блок постта жұмыс қиын. Бір аудан, 6 елді мекенде шектеу қойылып, ол жерде тәулік бойы медицина және полиция қызметкерлері жұмыс істеуде. Кейбірінде тамақ беретін асхана, орындар жоқ. Біздің Түркістан облысының еріктілері, әкімшілік тамақ апарып көмек көрсетуде. Бизнесмен Данияр Қалымбетов деген азамат 150 адамға тегін тамақ таратып отыр, - деді С.Қалқаманов.
Белгілі болғандай, қиын жағдайға түсіп қалған науқастарды Шымкент қаласына емделуге жіберуде. Мұның себебін, әкімнің орынбасары Түркістан облысы бөлініп шыққалы бір ғана жыл болғанын, бүкіл орталық және облыстық аурухананың бұрынғы Шымкент қаласында орналасқандығымен түсіндіре кетті.
Өздеріңіз білесіздер, ол ауруханалар өте жақсы құрал-жабдықтармен жабдықталған. Түркістан облысының ауруханасы әлі де Шымкент қаласында. Түркістан қаласында жаңа аурухана салынып жатыр. Құрылысы жыл соңында бітеді деп есептеп отырмыз. Қалада құрылыс мекемелері тоқтаған жоқ. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев күн сайын нысандарды аралап қадағалап отыр. Кейбір шетелден келген құрылысшылар өз еліне кетіп қалды. Осыған байланысты, біз Нұр-Сұлтан, Алматы қаласынан қайтып жатқан құрылысшыларды жұмысқа шақырып жатырмыз, - деді Сәкен Амангелдіұлы.
Айта кетейік, Түркістан қаласы бойынша әзірге ешқандай науқас тіркелмеген. Жағдай бақылауда тұр, науқастар көбейіп жатса ғана, індет шыққан мөлтекаудандар мен ошақтар жабылады.
Біз Түркістан қаласын тұтастай жаппаймыз. Себебі, мұнда үлкен жұмыстар атқарылып жатыр, олардың біреуі де тоқтатылмайды. Биыл қыркүйек айында 15 нысан дайын болады. Оларды «Базис», «Сембол», «ВІ group» сияқты компаниялар жүргізуде, - деді ол.
Бұдан бөлек, Ситуациялық орталықта баспасөз қызметінің ақпараттық штабы құрылғанын, оқырмандар мен азаматтарға барлық ақпаратты шұғыл жеткізіп жатқандығы айтылды.
Біз блок-посттарға қажетті 208 немесе 218-дей адамды шақыруды жоспарлап отырмыз. Әсіресе запастағы әскери қызметшілерді, әскери бөлімде химия-биология, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп көрген адамдарды шақырсақ дейміз. Медицина қызметкерлері де қажет. Төтенше жағдайдың бірінші күнінен бастап облыстық қорғаныс істері департаментімен бірге жұмылдыру, пункттер тізімін жасақтап шықтық. Енді азаматтардың мекен-жайларына шақырту жібереміз. Олар өз аймақтарынан шақырылып, сол мекенде қызмет етеді, кешкісін үйлеріне қайтуларына болады, - деді Сәкен Қалқаманов.
Сондай-ақ, облыста биыл 100 көшеге асфальт төселетіні, 100 шақты ИВЛ аппараты барын, жуырда қосымша тағы бір мекемемен келісімшартқа отырып ИВЛ аппараттарын алғалы жатқанын, блок-посттарда тепловизорларды біртіндеп жаңартып жатқаны және тәулігіне 125 мың маска тігілетінін, өңірде 100 шақты волонтердың блок-посттарда күндіз-түні аянбай еңбек етіп жатқандарын өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі оқырмандарына баяндап, басқа да қойылған сауалдарға жауап берді.
Былтыр "Жеңіс" саябағы жөндеуден өтті. Ол түркістандықтардың нағыз сүйікті орнына айналды. Ал биыл қалада орталық кәріз, электр желісін жаңарту, жеке үйлерге газ кіргізу мәселелері қарастырылуда. Өздеріңіз білесіздер, көгілдір отынды қолдану тұрмыста да өте ыңғайлы. Жыл сайын жылыту маусымы кезінде айқай шу болып жатады. Тұрғындар көмір жаққандықтан, қала көк түтінге оранып жатады. Сондықтан, барлық түркістандықтарды газға ауысуын өтінемін, - деді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.