Call-center: Бір мезгілде 1000-нан астам адамға қызмет көрсетіледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1414 Бірыңғай байланыс орталығы бір мезгілде 1000-нан астам адамға қызмет көрсете алады.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "ҰАТ" АҚ, "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ және "Қазақтелеком" АҚ бірлесіп, 1414 Бірыңғай байланыс орталығының жұмысын күшейтті. Енді бір уақытта 1000-нан астам абонент қажетті сұрақтарына жауап ала алады.
Бұл шаралар коронавирустың таралуына байланысты төтенше жағдай тәртібінің енгізілуіне, сондай-ақ, инфекцияның таралмауына жол бермеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қорғаныс шараларын енгізуге байланысты қабылданып отыр, - делінген министрлік хабарламасында.
Елдегі жағдайға байланысты, Цифрлық даму министрлігі азаматтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға кеңес береді. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 80%-ы электрондық үкімет порталы арқылы қолжетімді, сондай-ақ қажетті анықтамаларды "eGov Mobile" мобильді қосымшасы және телеграмдағы бот арқылы алуға да болады.
Айта кету керек, мемлекеттік қызметтерді алу барысында қандай да бір қиындықтар мен сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар 1414 Бірыңғай байланыс орталығына ұялы және стационарлы телефоннан хабарласа алады. Қоңырау соғу тегін.
Бірыңғай байланыс орталығының күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуі үшін "Азаматтарға арналған үкімет" МК" КЕАҚ фронт-кеңселерінің 600 қызметкері жұмысқа тартылды. Жақын арада олардың санын ұлғайту жоспарлануда.