"C5+1" санкциялық қауіптен қорғай ма? - Сарапшы Қазақстан үшін басты тәуекелдерді түсіндірді

Сауда соғыстары, санкциялар және экспорттық бақылаудың күшеюі – сыртқы нарықтар мен транзиттік бағыттарға тәуелді Орталық Азия экономикасына тікелей әсер етеді. Осындай жағдайда "C5+1" форматы аймақтағы елдердің экономикалық тұрақтылығын күшейту, инвестиция тарту және екінші реттік санкциялардың ықпалын азайту құралы ретінде жиі атала бастады. Әсіресе Ресей және Қытаймен жұмыс істейтін компанияларға төнетін жанама санкциялық қауіп бұл тақырыптың өзектілігін арттырып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшы Орталық Азия мемлекеттері үшін қандай тәуекелдер барын және ОА–АҚШ ынтымақтастығы қауіпсіздік механизміне айнала ала ма деген сұрақтарға жауап берді.

Экономика ғылымдарының докторы Вячеслав Додоновтың айтуынша, санкциялық режимдердің кез келген күшеюі үшінші елдерге қатысты жаңа шектеулер енгізілуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Осы тұрғыдан алғанда, екінші реттік санкциялар қаупі теориялық жағынан бар. Бірақ сарапшы бұл тәуекелдің нақты орындалу ықтималдығы өте төмен екенін атап өтті.

Мұндай санкциялар тек шектеуге ілінетін операциялармен тікелей айналысатын жеке компанияларға ғана қолданылуы мүмкін. Кейде айналымды жасыру немесе санкцияларды айналып өту мақсатында арнайы құрылатын бір күндік фирмалар бар. Сондықтан осындай жекелеген ұйымдарға қатысты шараны бүкіл елге тікелей байланыстырмау керек. Бір ТОО-ға шектеу қойылды екен деп, “Қазақстан санкцияға ілікті” деу дұрыс емес, – деді ол.

Сарапшыдан "C5+1" форматын бақылау тетігі ретінде қарастыруға бола ма деген сұрақ та қойылды. Додоновтың пікірінше, бұл механизм қандай да бір надзор немесе қысым құралы емес.

Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық – экономикалық тиімділік пен өзара мүддеге негізделген жұмыс. Мұнда қадағалау немесе біржақты талап қою туралы айту дұрыс емес, – деп түйіндеді экономист.

Сарапшының айтуынша, "C5+1" форматы ең алдымен Орталық Азия елдеріне тиімді. Өйткені аймақ мемлекеттері жеке-жеке емес, бір алаңда бірігіп әрекет еткенде, халықаралық назарды әлдеқайда көбірек аудара алады. Оның сөзінше, бұл тетік ЕО, Ресей, Қытай, Жапония және басқа бағыттармен ынтымақтастықты жандандыру үшін қабылданған.

Спикер формат аясындағы кездесулер тек саяси мәселелермен шектелмейтінін де атап өтті. Келіссөздер барысында экономикалық өзекті тақырыптар, соның ішінде кедергілерді азайту, сауда байланыстары және үшінші елдермен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланады.

Санкциялық қысым және реэкспорт мәселесі

Кейбір сарапшылар Орталық Азия елдері Ресейге тауар жеткізу немесе транзит арқылы өткен жағдайда санкциялық тәуекел артуы мүмкін деп болжайды. Алайда Вячеслав Додонов мұндай қауіптің елдер деңгейінде өте төмен екенін айтады.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан реэкспорт пен транзитті тек рұқсат етілген тауар номенклатурасы бойынша жүзеге асырады. Егер қандай да бір компания санкцияға ілігетін өнімді тасымалдаса, онда шектеулер тек сол кәсіпорынға қатысты қолданылуы мүмкін.

Егер санкциялық тауарды реэкспорттаған компания анықталса, ол бақылауға алынып, санкцияға ұшырайды. Бірақ бұл тұтас мемлекетті санкциялады дегенді білдірмейді, – дейді сарапшы.

Осылайша, аймақтағы елдердің сыртқы саудасы жалпы ережелерді сақтай отырып жүргізіліп жатыр және санкция қаупі негізінен жекелеген фирмалар деңгейінде ғана туындайды. 

Вячеслав Додоновтың айтуынша, әр мемлекет сыртқы экономикалық шешім қабылдағанда пайда мен тәуекелді өзі саралайды. Егер қандай да бір бағыт елге экономикалық тұрғыдан тиімді болса, мемлекет оны жалғастыра береді.

Экономист ерекше тоқталған мәселенің бірі – мұнай экспорты. Оның сөзінше, Қазақстан экспорттайтын мұнайдың басым бөлігі халықаралық консорциумдарға тиесілі. Бұл консорциумдардың негізгі акционерлері – АҚШ пен Еуропа компаниялары. Сол себепті бұл бағыт санкциялық қысымға ұшырайды деген пікір негізсіз.

Бұл – Қазақстанның емес, сол консорциумдардың меншігіндегі мұнай. Ал басты импорттаушылар – Еуропа елдері. Егер бұл экспорт қолдау таппаса, Италия немесе Германия үшін қазақстандық мұнайды импорттауды тоқтату қиын емес еді, — дейді сарапшы.

Осылайша, Додоновтың пікірінше, Қазақстанның мұнай экспортын АҚШ пен Еуропаның өз компаниялары қолдап отыр, сондықтан бұл салада тәуекел аз.

Шикізаттық емес экспорт пен санкциялар

Вячеслав Додоновтың айтуынша, Ресейге қарсы санкциялар Орталық Азияда күтпеген экономикалық әсер берді: өңделген, яғни шикізатқа жатпайтын тауарлар экспорты өсіп жатыр. Бұған жаңа нарықтардың ашылуы және балама жеткізу арналарына сұраныстың артуы себеп.

Экономист Қазақстанның алдағы саясаты қандай болуы керек деген сұраққа да жауап берді. Оның пікірінше, еліміз бұрынғыдай көпвекторлы ұстанымды жалғастыруы қажет.

Қазақстан барлық жылдары өз мүддесін бірінші орынға қойып, теңгерімді саясат жүргізіп келді. Біздің негізгі сауда серіктестеріміз — Ресей мен Қытай. Ал АҚШ тіпті алғашқы ондыққа кірмейді. Сондықтан ұлттық мүддені сақтау үшін осы екі көрші мемлекетпен тығыз экономикалық байланыс жалғаса береді, тек АҚШ ұстанымдарын да ескеріп отыру керек, — дейді сарапшы.

Додоновтың пікірінше, "C5+1" форматы Қазақстанның дәстүрлі көпвекторлы саясатын алмастырмайды. Керісінше, өңір үшін экономикалық диалог пен инвестиция тартуға жаңа алаң ашады.

Ол сондай-ақ екінші деңгейлі санкцияларға қатысты қауіп барын жоққа шығармайды, бірақ бұл қауіп жүйелі емес.

Шектеулер тек нақты компанияларға қатысты болуы мүмкін. Бұл жалпы мемлекетке санкция салынды дегенді білдірмейді, — деп түйіндеді сарапшы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы