29 Қыркүйек 2026, 11:15 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

C5+1: Қазақстан АҚШ және Орталық Азия елдерімен технологиялық әріптестікті нығайтпақ

Астанада Орталық Азия елдері мен АҚШ жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

Елордада Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы жасанды интеллект пен цифрлық ынтымақтастықты дамытуға арналған C5+1 SI Conference конференциясы жұмысын бастады. Екі күнге созылатын кездесу бірлескен жобаларды, инвестицияларды және цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылау үшін мемлекеттік органдардың, технологиялық компаниялардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдерін бір алаңға жинады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Конференцияның ашылуында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев сөз сөйледі.

Вице-министр былтыр Ақ үйде өткен алғашқы C5+1 саммиті екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтергенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде әріптестік диалог шеңберінен шығып, технология, инвестиция, көлік байланысы және адами капиталды дамыту бағыттарындағы нақты бастамалар мен жобаларға ұласып отыр.

Бахтияр Мұхаметқалиев технологиялардың қарқынды дамып жатқанын және жасанды интеллект экономиканы, өнеркәсіпті, сондай-ақ мемлекеттік басқару тәсілдерін өзгертетінін айтты. Оның сөзінше, бірқатар бағытта Орталық Азия елдері халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті шешімдер әзірлеп, жоғары әлеуетін көрсетіп келеді.

Біздің қазіргі міндетіміз – осы негізді пайдаланып, жұмысты жеделдету және Орталық Азияның жаһандық технология нарығындағы орнын нығайту, – деді вице-министр.

Ол бұл мақсатқа жету үшін елдер арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, инфрақұрылымды, деректерді, білікті мамандарды және жобаларды өзара байланыстыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар кездесулер нақты нәтижелерге әкелуі керегін айтты.

Бахтияр Мұхаметқалиев Қазақстанның осы бағыттағы бірлескен жұмысқа ашық екенін жеткізді. Оның пікірінше, Астанадағы талқылаулар жаңа идеялардың, серіктестіктердің және елдер арасындағы бірлескен жобалардың жүзеге асуына негіз болады.