Бүгiн 2026, 18:02 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

БЖЗҚ: Зейнетақы жинақтарынан алынған қаржы жарналардан асып түсті

Қазақстандықтар зейнетақы қорынан 5,8 трлн теңге шешіп алған.

2021 жылдың басынан бері қазақстандықтар тұрғын үй жағдайын жақсарту мен медициналық қызмет ақысын төлеу үшін зейнетақы жинақтарынан 5,8 трлн теңгеден астам қаражат пайдаланған. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) мәлімдеді.

Қордың мәліметінше, зейнетақы жинақтарын алу көлемі ең жоғары деңгейге 2021 жылы жеткен. Сол кезде азаматтар бұл мақсаттарға шамамен 2,6 трлн теңге жұмсаған. Кейінгі жылдары белсенділік төмендегенімен, кейін қайта өсе бастаған. Мәселен, 2025 жылы алынған қаражат көлемі қайтадан 1 трлн теңгеден асты.

БЖЗҚ жинақтаушы зейнетақы жүйесінің негізгі мақсаты азаматтарды зейнетке шыққаннан кейін тұрақты табыспен қамтамасыз ету екенін еске салды.

Қордың мәліметінше, соңғы жылдары зейнетақы жинақтарынан мерзімінен бұрын алынған қаражат көлемі болашақ зейнетақы төлемдеріне бағытталған қаржыдан едәуір асып түскен. Тіпті кейбір кезеңдерде алынған қаражат көлемі қорға түсетін зейнетақы жарналарының көлемінен де жоғары болған.

Сарапшылар тағы бір маңызды жайтқа назар аударады. Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану салдарынан азаматтар ұзақ мерзімді инвестициялау арқылы табуға болатын инвестициялық кірістің бір бөлігінен қағылады.

БЖЗҚ дерегінше, бүгінде қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының шамамен 40%-ын инвестициялық табыс құрайды. Салыстыру үшін айтқанда, бірқатар дамыған елдерде бұл көрсеткіш 80%-дан асады.

Сонымен қатар көптеген мемлекетте зейнетақы активтері экономиканы ұзақ мерзімді инвестициялаудың негізгі көздерінің бірі саналады. Кейбір елдерде олардың көлемі бір жылдық жалпы ішкі өнімнен (ЖІӨ) де асып түседі. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш әзірге ЖІӨ-нің шамамен 16%-ы деңгейінде.

Қор зейнетақы жинақтарын сақтау және оларды әрі қарай тиімді инвестициялау азаматтардың зейнет жасында лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етудің маңызды шарты болып қала беретінін атап өтті.