Бүгiн 2026, 15:42 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

БЖЗҚ зейнетақы жинағына қатысты маңызды ескерту жасады

Қор қызметкерлері азаматтардан SMS-кодтар мен банк картасының деректерін ешқашан сұрамайтынын мәлімдеді.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтарын пайдалану және жеткіліктілік шегіне қатысты жалған ақпарат таратып, азаматтарды алдауға бағытталған алаяқтық әрекеттердің жиілегенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қордың хабарлауынша, алаяқтар өздерін БЖЗҚ қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарға телефон арқылы хабарласады. Кей жағдайларда олар адамның аты-жөнін атап, жеке деректерінің бір бөлігін білуі мүмкін.

Осыған байланысты БЖЗҚ қазақстандықтарды сақ болуға және күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырды.

Қор зейнетақы жинақтары туралы ақпаратты тек ресми арналар арқылы алуға болатынын еске салды. Атап айтқанда, мәліметтерді тәулік бойы БЖЗҚ мобильді қосымшасы мен ресми сайтынан, сондай-ақ жұмыс уақытында 1418 байланыс орталығы арқылы тегін алуға болады.

БЖЗҚ өкілдері телефон арқылы, электрондық поштада немесе мессенджерлерде SMS-кодтарды, құпиясөздерді, банк картасының деректерін және өзге де құпия ақпаратты сұрамайтынын ерекше атап өтті.

Қор мамандары азаматтарға қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді:

  • SMS арқылы келген растау кодтарын, құпиясөздерді және жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу;
  • қандай да бір код немесе құпия ақпарат сұралған жағдайда әңгімені бірден тоқтату;
  • белгісіз адамдардың қысымына еріп, асығыс шешім қабылдамау.

Жеке және қаржылық деректердің қауіпсіздігі ең алдымен өз қолыңызда. Қырағылық танытып, құпия ақпаратты ешкімге бермеңіз және күмән туындаған жағдайда ақпараттың анықтығын тек ресми арналар арқылы тексеріңіз, – деп ескертті БЖЗҚ.