Бүгiн 2026, 13:39 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

БЖЗҚ шекті көтерді: Сарапшы зейнетақы жинағын неге сақтап қалу маңызды екенін түсіндірді

БЖЗҚ жариялаған жаңа жеткіліктілік шектері қоғамда қызу талқылануда

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бүгін зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану үшін қажетті жеткіліктілік шектерінің жаңартылған мөлшерін жариялады. Жаңа есептеулерден кейін көптеген азамат үшін қолжетімді қаражат көлемі азая түсті.

Бұл өзгеріс қоғамда түрлі пікір туғызды. Бірі азаматтардың өз жинағына қол жеткізу мүмкіндігі шектеліп жатыр деп есептесе, енді бірі мұны болашақтағы қаржылық қауіпсіздікті сақтауға бағытталған маңызды қадам деп бағалайды. Экономист Айбар Олжайдың пікірінше, қабылданған шешім азаматтардың ақшасын шектеуге емес, олардың ертеңгі қарттығын қорғауға бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Бұл уақытша шара еді»

Сарапшы пандемия кезеңінде енгізілген механизм бастапқыда азаматтарға қиын уақытта қолдау көрсету үшін қабылданғанын айтады. Алайда оның пікірінше, бұл тәжірибе уақыт өте келе өзінің негізгі мақсатын жоғалтып алған.

Бүгіннен бастап зейнетақы бойынша жеткіліктік шегі айтарлықтай көтерілді. Осы арқылы мемлекет пандемия кезінде адамдар қысылмас үшін ашып берген уақытша шарасын тоқтатты деуге болады. Тіпті дер кезінде дей алмаймын. Мұны 2 жыл ертерек істеу керек еді. Өйткені зейнетақы жинағы – күнделікті шығынға немесе бүгінгі мәселені шешуге арналған қаражат емес. Біз соңғы бес жылда оны кәдімгі банктегі есепшот сияқты қабылдап кеттік. Соның салдарынан болашақ қарттығымызға жиналған ақшаны бүгін пайдалана бастадық. Ал мұның артында ертең зейнет жасына жеткенде жеткілікті табыссыз қалу қаупі тұр. Егер адамдар жинағын толықтай жұмсап жіберсе, онда жалпы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің мәні неде деген сұрақ туындайды, – дейді Айбар Олжай.

Оның айтуынша, зейнетақы жүйесінің негізгі мақсаты – адамның еңбекке жарамсыз жасында тұрақты табыс көзін қалыптастыру. Сондықтан бүгінгі шешімдер ертеңгі өмір сапасына тікелей әсер етеді.

«Бұл ақша бәрібір адамның өзіне қалады»

Экономист жеткіліктілік шегін азаматтардың ақшасына қойылған тыйым ретінде қабылдауға болмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, мемлекет бұл қаражатты ешқайда алып қоймайды және азаматтардың меншігіндегі ақша бұрынғысынша олардың шотында сақталады.

Сондықтан жеткіліктілік шегі адамның ақшасына қойылған бөгет емес. Бұл – болашақтағы зейнетақысының тым төмендеп кетпеуі үшін жасалған қорғаныс механизмі. Мемлекет азаматқа "ақшаңды бермеймін" деп отырған жоқ. Керісінше, "бұл қаражат ертең өзіңе қажет болады, сондықтан бәрін бірден жұмсап қойма" деп отыр. Жаңа әдістеменің мәні де осында. Ол адамның болашақтағы өмір сүру ұзақтығын, еңбек өтілін, жарналардың тұрақтылығын, инвестициялық табысты және зейнет жасындағы қажетті кіріс көлемін ескереді. Яғни бұл бүгінгі емес, ондаған жылдан кейінгі қаржылық тұрақтылықты ойлаған шешім, – дейді сарапшы.

Айбар Олжайдың айтуынша, зейнетақы жинағы мемлекеттің емес, азаматтың жеке қаражаты болып қала береді.

Зейнетақы жинағы мемлекеттің ақшасы емес. Ол азаматтың өзінің жеке жинағы. Мемлекет оны өз бюджетіне алмайды, басқа мақсатқа жұмсамайды. Жеткіліктілік шегінен төмен жатқан қаражат та адамның өз шотында қала береді. Ол әрі қарай инвестициялық табыс әкеледі, көбейеді, сақталады және зейнет жасына жеткенде сол адамның өзіне төленеді, – дейді ол.

Жастар үшін маңызды шешім

Экономист бұл өзгерістің әсіресе жас қазақстандықтар үшін маңызды екенін айтады. Өйткені қазіргі жастардың болашақ зейнетақысы бұрынғы буынға қарағанда әлдеқайда көп дәрежеде өздерінің жинақтарына тәуелді болады.

Оның пікірінше, алдағы ондаған жылда адамдардың еңбек нарығындағы жағдайы бірнеше рет өзгеруі мүмкін. Біреу тұрақты жұмыс істейді, енді бірі кәсіпке кетеді, тағы бірі белгілі бір кезеңде табысынан айырылуы ықтимал. Мұның бәрі зейнетақы жинағына әсер етеді.

Сондықтан бүгін жинақты сақтап қалу ертең қаржылық тәуелсіздікті сақтап қалумен тең.

Бүгінгі шешім ертеңгі қарттықтың сапасына тікелей әсер етеді. Егер бүгін бәрін жұмсап қойсақ, ертең мемлекеттен немесе балалардан көбірек тәуелді болу қаупі артады. Ал жеткілікті жинақ сақталса, адам зейнет жасында да қаржылық тәуелсіздігін жоғалтпайды, – дейді Айбар Олжай.

Экономистің пікірінше, жеткіліктілік шегінің көтерілуі азаматтардың мүмкіндігін шектеу емес, олардың болашақтағы қаржылық тұрақтылығын сақтауға бағытталған қадам ретінде қарастырылуы керек.