Бүгiн 2026, 09:48 Фото: BAQ.KZ коллажы

Қай қазақстандықтар төмен зейнетақы алу қаупінде?

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдер көлемі 32 360 теңгеден 900 мың теңгеден астам сомаға дейін өзгеріп отырады.

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдер көлемі 32 360 теңгеден 900 мың теңгеден астам сомаға дейін өзгеріп отырады. Қазақстандықтардың болашақ зейнетақысының мөлшері жинақтаушы жүйеге қатысу ұзақтығына және міндетті зейнетақы жарналарының тұрақты аударылуына тікелей байланысты. 2025 жылы 50 мыңнан астам азамат зейнет жасына жеткен кезде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жинақтарын біржолғы тәртіппен алған, себебі олардың жинақ сомасы белгіленген шектен төмен болған. Мұндай төлемнің орташа мөлшері шамамен 243 мың теңгені құрады. BAQ.KZ тілшісі Қазақстанда кімдер төмен зейнетақы алу қаупінде екенін және болашақ төлем көлемі қандай факторларға байланысты екенін анықтады.

БЖЗҚ-дан төлем қалай есептеледі

БЖЗҚ-да түсіндіргендей, жинақтаушы жүйеден зейнет жасына жеткен кезде төленетін зейнетақы ай сайын белгіленген кесте бойынша арнайы әдістеме негізінде есептеледі.

Зейнет жасына жеткен кезде БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу әдістемесіне сәйкес ай сайын кесте бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте есептелген ай сайынғы төлем сомасы күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен болмауы тиіс, -деп хабарлады қор BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына жауап бере отырып.

2021 жылғы 1 сәуірден бастап мынадай формула қолданылады: бірінші жылғы жылдық төлем сомасы зейнетақы жинақтарының жалпы сомасын 6,5% төлем мөлшерлемесіне көбейту арқылы есептеледі. Ай сайынғы төлем мөлшері осы соманы 12 айға бөлу арқылы анықталады.

Зейнетақы жинақтарының сомасы 6,5%-ға көбейтіліп, 12 айға бөлінеді – осылайша бірінші жылдағы ай сайынғы төлем мөлшері анықталады. Кейінгі жылдары ай сайынғы төлем алдыңғы жылдың мөлшеріне 5% индексациялау мөлшерлемесін қосу арқылы ұлғайтылады, - деп түсіндірді БЖЗҚ.

Жинақ қашан біржолғы төленеді

Егер зейнетке шығу сәтінде жинақ сомасы аз болса, төлем ай сайын емес, біржолғы тәртіппен беріледі.

Егер БЖЗҚ-дан төлем жүргізілетін күні зейнетақы жинақтарының сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаса, онда жинақ біржолғы төленеді, - деп атап өтті қор.

2025 жылы бұл шек 753 252 теңгені (62 771 × 12) құраса, 2026 жылы 828 588 теңгеге (69 049 × 12) тең болды.

БЖЗҚ мәліметінше, 2025 жылы 50 711 адам жинақ сомасы белгіленген шектен аспағандықтан, қаражатын біржолғы тәртіппен алған. Жалпы жасына байланысты қордан зейнетақы төлемдерін 684 427 адам алған.

Жинақ сомасы көрсетілген мөлшерден асатын барлық алушылар БЖЗҚ-дан ең төменгі мөлшерден кем емес төлем алады, - деп нақтылады қор.

Ең төменгі және ең жоғары төлемдер

БЖЗҚ-да жинақтаушы жүйе бойынша ең төменгі төлем мөлшері белгіленгенін де атап өтті.

2025 жылы БЖЗҚ-дан жасына байланысты ең төменгі төлем 32 360 теңгені, ал 2026 жылы 35 595 теңгені (күнкөріс деңгейінің 70%) құрады, - деп хабарлады қор.

Ал төлемнің ең жоғары мөлшеріне шектеу қойылмаған.

Төлемнің ең жоғары мөлшеріне шектеу жоқ: зейнетақы жинағы неғұрлым көп болса, жинақтаушы зейнетақының мөлшері де, оны алу мерзімі де соғұрлым жоғары болады, - деп атап өтті БЖЗҚ.

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дан төленетін сомалар 32 360 теңгеден 900 мың теңгеден астам көлемге дейін жетеді.

Жинақ мөлшері неге байланысты

Қор мамандары зейнетақы жинақтарының көлеміне бірнеше фактор әсер ететінін атап өтті: жүйеге қатысу ұзақтығы, жарналардың тұрақтылығы мен толықтығы, сондай-ақ ресми табыс деңгейі.

Ресми табысы жоғары әрі тұрақты аударым жасайтын азаматтардың жинақтары жылдам қалыптасады. Ал табыстың төмен болуы және жұмыссыз кезеңдердің болуы жинақтың өсуін баяулатады, - деп хабарлады БЖЗҚ.

Сондай-ақ адам зейнетақы жарналарын неғұрлым ерте бастаса, инвестициялық табыстың әсері соғұрлым жоғары болатыны атап өтілді.

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жинақтаушы жүйеге қатысу өтіліне қарай орташа жинақ көлемі мынадай:

  • 5 жылға дейін – 458,2 мың теңге;
  • 6-10 жыл – 2 033,7 мың теңге;
  • 11-15 жыл – 3 470,5 мың теңге;
  • 16-20 жыл – 4 875,7 мың теңге;
  • 20 жылдан жоғары – 6 729,4 мың теңге.

Қанша қазақстандық тұрақты жарна аударады?

2025 жылы кемінде бір рет міндетті зейнетақы жарнасы 7,2 млн жеке зейнетақы шотына түскен.

Жарналардың тұрақтылығы бойынша статистика:

  • жылына 1 рет жарна – 407 180 адам (6%);
  • 2-5 рет – 1 157 860 адам (16%);
  • 6-8 рет – 898 864 адам (12%);
  • 9-12 рет – 746 649 адам (66%).

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және тұрақсыз жарналар

БЖЗҚ мәліметінше, жинақтаушы зейнетақы жүйесінде есеп жарнаның нақты түсуіне қарай жүргізіледі, ал азаматтың жұмыспен қамтылу мәртебесі ескерілмейді.

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2025 жылы өз бетінше міндетті зейнетақы жарнасын төлеген жеке тұлғалар бойынша орташа айлық жеке зейнетақы шоттарының саны 945,3 мың бірлікті құрады.

Ал мұндай жарналардың орташа айлық көлемі 2025 жылы 18,0 млн теңге болған.

Қорда эпизодтық жарна төлеу немесе ресми жұмыста ұзақ үзілістердің болуы жинақ көлемінің аз қалыптасуына әкелуі мүмкін екенін ескертті.

Міндетті зейнетақы жарналары эпизодтық сипатта төленген, ұзақ үзілістермен аударылған немесе ең төменгі мөлшерде жүргізілген азаматтардың жинақ көлемі шектеулі болады. Бұл алдағы уақытта жинақтаушы құрамдас бөліктің есебінен төленетін зейнетақының төмен болуына әсер етуі мүмкін, - деп хабарлады БЖЗҚ.