БЖЗҚ-ның стратегиясы қайта қаралуы тиіс – Альшанская
Президент жанындағы ҚСЗИ-дың жетекші ғылыми қызметкері Анна Альшанская Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауындағы өзі маңызды деп санайтын тұстарды атады деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Анна Альшанская Президент Үкімет пен Парламент алдына қойған ауқымды міндеттердің алғашқысы ретінде экономиканы салықтық ынталандырудың жаңа тетіктерін атады.
2023 жылға қарай ірі салық реформасы жүргізіліп, жаңа Салық кодексі дайындалатын болады. Қазіргі уақытта салық ауыртпалығының деңгейі секторлардың тиімділігіне сәйкес келмейді. Осыған байланысты экономика секторларының қаржылық жай-күйін ескеретін және одан әрі дамуға мүмкіндік беретін сараланған салық мөлшерлемелерін енгізу ұсынылды. Әлемнің көптеген дамыған елдерінде кең таралған сән-салтанат салығы да ел үшін жаңалық, оның мақсаты - әділетті салық жүйесін құру, - деді ол.
Екінші мәселе ретінде ел экономикасының жүйелі проблемасы жеткіліксіз қаржыландыру және шағын және орта бизнестің инвестицияларға қолжетімділігінің төмендігін атады. Президент өз сөзінде жоғары инфляция жағдайында секторды қолдаудың маңыздылығын атап өткенін айтты.
Үшіншіден, әлеуметтік блокты жеке атап өткен жөн. Өткен жылдағыдай бүгінгі Жолдаудың маңызды мәселесі ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) арттыру болды. Енді оның мөлшері 70 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл елдің 1,8 миллион азаматының табысына әсер етеді. Зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын арттыру жөніндегі жұмыстар да жалғастырылатын болады, - деді ол.
Айта кетейік, зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесі ең төменгі күнкөріс деңгейі 70%-ға, ал ең жоғары мөлшерлемесі - 120%-ға дейін өседі. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы орташа есеппен 27%-ға өседі. Бұдан басқа, әйелдердің зейнеткерлік жасы ұлғаймайды және 2028 жылға дейін 61 жасқа дейін бекітіледі.
Бұл ретте ғылыми қызметкер БЖЗҚ-ның зейнетақы жинақтарының инвестициялық пайдасының сақталуы мен арттырылуына жауапты, маңызды институт ретіндегі стратегиясы қайта қаралуы тиіс екенін айтты.