БЖЗҚ: Жыл басынан бері зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 4% өсті
Алматы, BAQ.KZ. 2019 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 9,8 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері 382,4 млрд теңгеге немесе 4 % өсті. Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Зейнетақы қорының мәліметінше, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 1,6 трлн теңгеге немесе 20 % жеткен.
«Зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігі (9,5 трлн теңге) міндетті зейнетақы жарналарынан (МЗЖ) құралған. Шарттардың барлық түрлері бойынша жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жалпы саны 10,4 млн бірлікті құрады. Оның ішінде шоттардың 94,8 пайызы – МЗЖ есебінен, 4,7 пайызы – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен, ал тек 0,5 пайызы – ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен ашылған», - делінген хабарламада.
Зейнетақы жарналары шотқа тұрақты және толық көлемде аударылған жағдайда салымшылар мен алушылардың жинақтары бұдан жоғары болады. Жыл басынан бері салымшылар мен алушылардың шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 154,9 млрд теңгеге жеткен.
«Зейнетақы жинақтарының табыстылығы өткен 4 ай ішінде 1,62 пайыз болды. Бұл осы кезеңде 1,8 пайызды көрсеткен инфляциямен деңгейлес. Жалпы табыстылық көрсеткішін ұзақ мерзімді кезеңде қарастырған жөн. Бұл ретте соңғы 12 ай ішінде зейнетақы активтерінің табыстылығы 10,7 пайызды құраса, бұл кезеңде инфляция деңгейі 4,9 пайызды көрсетті. Осылайша жылдық мерзімде зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы инфляциядан 5,8 пайызға жоғары», - делінген Қор жіберген хабарламада.
Табыс салығын ескере отырып, 2019 жылдың 4 айы ішінде зейнетақы төлемдері 74,2 млрд теңгені құраған. Оның ішінде жасына байланысты төлемдер – 35,3 млрд теңге (барлық төлемдердің 48%), сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар – 15,7 млрд теңге (21%), ҚР аумағынан тыс жерлерге тұрақты кетуге байланысты төлемдер – 13,0 млрд теңге (18%), мұрагерлік және жерлеуге байланысты төлемдер – 9,3 млрд теңгені (12%) құрады.