БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын алмағандарға қайда жүгінуге болатынын ескертті
Алматы, BAQ.KZ. Зейнеткерлік жасқа толған және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар, бірақ қандай да бір себептермен оларды алмаған адамдар «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының бөлімшесіне жүгінуі қажет.
Бұл ретте БЖЗҚ 2018 жылдың қазан айына дейін зейнеткерлік жасқа толған азаматтардың зейнетақы жинақтарын алу үшін Қорға, ал мемлекеттік бюджет есебінен базалық және ортақ зейнетақыны алу үшін Мемлекеттік корпорацияға жүгініп келгенін еске салады.
«2018 жылдың 11 қазанынан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау барысында «Бір терезе» қағидаты қолданылады – яғни, зейнеткерлік жасқа толған азаматтар мемлекеттік бюджет есебінен жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақыны, сондай-ақ БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алу үшін бірыңғай өтінім мен құжаттар топтамасын тек бір жерге – Мемлекеттік корпорацияның Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚО) тапсырулары қажет», - делінген хабарламада.
Осыған байланысты БЖЗҚ зейнет жасына толған азаматтарға Қорда зейнетақы жинақтарының бар-жоғын тексеруді, егер бар болса, Мемлекеттік корпорацияның жергілікті бөлімшесіне бару керектігін хабарлайды. Толық ақпаратты Қордың байланыс орталығының 1418 тегін нөміріне хабарласу немесе жергілікті бөлімшесіне бару арқылы алуға болады.