БЖЗҚ. Үш айда 661,7 млрд теңге аударылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БЖЗҚ салымшыларының шоттарында жинақталған зейнетақы активтері 2020 жылдың 1 сәуіріне 11,7 трлн теңгеден асты.
Бұл ретте БЖЗҚ активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқарып келе жатқан 2013 жылдың қыркүйек айынан1 бергі уақыт ішінде азаматтардың зейнетақы жинақтары құрылымындағы есептелген инвестициялық кіріс оның 30% - дан астамын (немесе 3,9 трлн теңге) құрады.
Шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан болған инвестициялық қызмет нәтижесінде есептелген инвестициялық кіріс мөлшері өзгеруі мүмкін және оны ұзақ мерзімді перспективада қарау қажет.
Мәселен, өткен 2019 жылы БЖЗҚ салымшыларының жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс 641,8 млрд теңге, яғни табыстылық 6,57%, ал инфляция 5,4% болды. 2018 жылы салымшылардың таза инвестициялық кірісі 977,2 млрд теңгеге жетіп, 5,3% инфляция кезінде табыстылық 11,27% көрсетті. Осылайша кірістілік көрсеткіштері жылына қарай ерекшеленуі мүмкін, алайда инфляция деңгейінен әрдайым жоғары болып, зейнетақы активтерінің таза кірістілігі оң нәтиже берді.
2020 жылдың басынан бастап 1 сәуірдегі жағдай бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына 661,7 млрд теңгеден астам инвестициялық табыс есептелді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен (96,9 млрд. теңге) салыстырғанда 564,8 млрд теңгеге артық. Тұтастай алғанда инвестициялық кіріс – қаржы құралдарының құнына және жалпы қаржы нарығындағы жағдайға тәуелді белгіленбеген шама. Жекелеген қаржы құралдары есебінен инвестициялық кіріс шамасының уақытша төмендеуі зейнетақы активтерінің барлық инвестициялық портфелін неғұрлым ұзақ кезең ішінде әртараптандыру есебінен өтеледі.
Зейнетақы ақшаларын инвестициялаудың басты қағидаты – олардың сақталуын қамтамасыз ету, яғни қандай да болмасын бір себептерге байланысты шығынға ұшырату тәуекелдерін азайту. Сондықтан зейнетақы активтері отандық және шетелдік қор нарықтары ұсына алатын алуан түрлі, оның ішінде ең сенімді қаржы құралдарына салынады. Кірістілік неғұрлым көп болса – салымдарды жоғалту тәуекелдері соғұрлым жоғары, салымдарды жоғалту тәуекелдері неғұрлым төмен болса – кірістілік те соғұрлым аз болады. Зейнетақы активтерін инвестициялау үшін қаржы құралдарын таңдау кезінде ҚР Ұлттық Банкі тәуекел-кірістілік қатынасында барынша ақылға қонымды теңгерімді қамтамасыз етуге ұмтылады.
Бұған қоса зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңда зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік көзделген, ол зейнетақы төлемдерін алу құқығына ие болған сәттегі инфляция деңгейі ескерілген барлық зейнетақы жарналарына таралады.