"БЖК-2025" бағдарламасына өзгеріс енгізілді
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы бойынша салаларды қамту елеулі түрде кеңейтілді. Яғни "БЖК-2025" бағдарламасына шағын және микробизнеске микрокредит беру тетігі енгізілді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Қазақстан халқына Жолдауында "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдараламасының қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керектігін тапсырған болатын. Одан бөлек осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді тапсырған.
Соның арқасында ШОБ-қа жеңілдікпен несие беру құралдары биылдан бастап кеңейтілген. "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы бойынша салаларды қамту елеулі түрде кеңейтілді. Яғни "БЖК-2025" бағдарламасына шағын және микробизнеске микрокредит беру тетігі енгізілді. Қарыз алушылар үшін соңғы мөлшерлеме 6% құрайды. Микрокредит сомасы 5 млн теңгеге дейін, ал өндірістік қажеттіліктерге 20 млн теңгеге дейін.
Одан бөлек отандық тауар өндірушілер үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері жеңілдетілді. Ұлттық банк бағдарламасы және БЖК-2025 желісі бойынша шағын және орта бизнесті қолдауда қызмет түрлері кеңейтілуде, несиелеу рәсімдері жеңілдетіліп жатыр. Сондай-ақ "БЖК-2025" мемлекеттік бағдарламасында бизнес үшін микрокредиттерді субсидиялауды қарастыратын, мөлшерлемесі 6%-дан аспайтын жаңа "Микрокредиттеу" бағыты пайда болды.
Сондай-ақ, БЖК-2025 бағдарламасы аясында 2019 жылы 30 мыңнан астам кәсіпкер оқытылған.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2019 жылы және 2020 жылдың 4 айында бағдарламалар арқылы 6 мыңнан астам жоба бойынша қаржылық қолдау көрсетілген. Сонымен қатар, БЖК аясында 197 млрд теңге сомасына 3 100 жоба қаржыландырылған.
2015 жылы ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 24,9% құраған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 30,8% болған. Ұлттық экономика министрлігі 2025 жылы ШОБ үлесін 35%-ға дейін арттыруды көздеп отыр.
"Бизнестің жол картасы-2025" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысында Бағдарламаны іске асыруға 2020 – 2024 жылдары 461 021 148 мың теңге көлемінде бюджет қаражаты жұмсалатыны көрсетілген. Мәселен, 2020 жылы республикалық бюджеттен 97 526 257 теңге, жергілікті бюджеттен 30 000 000 теңге бөлу қарастырылған.