БЖБ мен ТЖБ болмайды: Мектептердегі бағалау жүйесі өзгереді
Сондай-ақ, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізілетінін айтты.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұны бірқатар жаңа міндетті оқу курстарымен толықтырылатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің сөзінше, 5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі.
8-11-сыныптарда «Заң және Тәртіп» міндетті оқу курсы енгізіледі. Сонымен бірге 5-11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» міндетті оқу курсы енгізіледі. Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген «Құқық негіздері» курсы барлық оқушылар үшін міндетті пәнге айналады және мазмұны Жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендірілді, – дейді Жұлдыз Сүлейменова.
Сондай-ақ үлгілік оқу жоспарларының құрылымы оңтайландырылды. Оқушылардың барлық оқу пәндеріне толық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қысқартылған үлгілік оқу жоспарлары алынып тасталды.
Бұдан бөлек, бастауыш сыныптарда бағалау тәсілдері жаңартылды.
Бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталды. Күнделікті (қалыптастырушы) бағалаудың рөлі күшейтілді. Диктанттар, мазмұндама, шығарма, жобалар, ауызша және практикалық жұмыстар секілді бағалау әдістерін мұғалім өзі таңдап, аралық бақылау формасы ретінде жүзеге асыратын болады, – дейді министр.