Бюрократия, қағазбастылық, кері байланыстың жоқтығы. Министр өңірдегі проблемаларды атады
Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Алматы облысында жұмыс сапарымен болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өткен аптада жұмыс сапарыммен үш өңірге бардым. Алғашқысы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы болды. Аграрлық кәсіпорындарға барып, облыс тұрғындарымен және жергілікті кәсіпкерлермен кездесулер өткіздім, - деп жазды министр.
Ол өңірдегі басты проблемаларға тоқталып өтті.
Облыста жеміс бақтары, көкөністер, сүт өнімдері, шағын және ірі фермерлік шаруашылықтар сияқты аграрлық бизнес қарқынды дамып жатқаны байқалады. Әрине, барлық кәсіпкер өндіріс желісін дамытуға және кеңейтуге тырысады. Олар мұны қалай жасау керектігін біледі – көлемін арттырады, өз өнімдерін тиімді өңдеу және сақтау үшін қолайлы технологияларды енгізеді. Кездесулерде қойылған сұрақтардың басым бөлігі бюрократиялық кідірістер, әуре-сарсаң, қағазбастылықтың көптігі, инфрақұрылымдық және басқа да компаниялар тарапынан мемлекеттік қатысумен кері байланыстың жоқтығы, - деді ол.
Ол фермерлердің айлап несие ала алмай жүргенін де айта кетті.
Мысалы, кәсіпкер жаңа технологиямен көкөністерді жылдам тоңазыту кешенін салды, бірақ барлық құжатты жинағанына қарамастан, айлап, жылдап оны магистральдық газбен жабдықтауға қоса алмаған. Сондай-ақ, оның жаңа технологиясы қолданыстағы инвестициялық субсидиялау қағидаларына сәйкес келмейді екен. Басқа фермер аналық мал басын көбейту үшін Аграрлық несие корпорациясынан 8 ай бойы несие ала алмай жүр. Үшіншісі сидр мен шарап өндіреді, экспортқа өнімді жеткілікті көлемде жеткізуге дайын, бірақ экспорттаушыларға арналған мемлекеттік қолдау шараларынан бейхабар, - деді министр.
Ол мәселені шешу үшін экспорт бойынша Сауда комитетіне және Казтрейд кәсіпорнына тапсырма бергенін айтты.
Вице-премьер және Сауда министрі ретінде мен өтініш білдірушілерге ұсыныстар мен айтылған проблемаларды тікелей Qazaqgaz, АШМ басшылығына жеткізуге уәде бердім. Ал экспорт бойынша Сауда комитетіне және Казтрейд кәсіпорнына тапсырма бердім. Кездесу барысында көтерілген проблемалар – қазіргі кедергілердің аз ғана бөлігі, басым көпшілігі – бизнестің дамуына кедергі келтіретін әкімшілік кедергілер. Көп жағдай маған мәлім. Бәсекелестікті қорғау және дамтыу агенттігі жанындағы Кедергілер жөніндегі кеңес алаңдарында көтеріліп, кейіннен оларды салалық мемлекеттік органдар шешіп жатқан: газға қосылу, жеңілдетілген кредиттер және инвестициялық субсидиялау қағидаларының бәсекелестікке қарсы нормаларын алу жөніндегі проблемалар, - деді Жұманғарин.
Ол келіп түскен әрбір ұсыныс және пікрілер міндетті түрде жұмыс тобында қаралатынын айтты.
Қазір Сауда министрлігінде біз сауда саясаты бойынша тұжырымдама әзірлеп жатырмыз. Бұл, міндетті түрде бизнеспен бірлесіп жасалып, жұмыс істейтін құжат болуы керек. Бұл туралы елордадағы кеңесте ірі бизнес өкілдерін хабардар еттім және ол жайында Алматы облысының тұрғындарымен және кәсіпкерлерімен кездескенде айттым. Біз мемлекет пен бизнес үшін тиімді құжат жасауға мүдделі барлық азаматтарымыздан ұсыныстар күтеміз. Өз ұсыныстарыңызды Сауда министрлігіне жолдауға немесе осы мәтіннің астына пікір ретінде өз ұсынысыңызды қалдырып кетсеңіз болады. Сіздерден келіп түскен әрбір ұсыныс және пікрілер міндетті түрде жұмыс тобында қаралады, - деді ол.