Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жалпы отырыста депутаттарға түркі мемлекеттері құрған алғашқы және негізгі бірлескен қаржы институты – Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын талқылау ұсынылады. Онда кәсіпкерлікке жәрдемдесу, шағын және орта бизнесті қаржыландыру, сондай-ақ жұмыс орындарының өсуі мен құрылуына жәрдемдесуге басымдық берілген.
Сонымен қатар депутаттар Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы екі ел азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қарайды. Келісім көші-қон саласындағы ақпаратпен алмасу, қос азаматтыққа қарсы күрес жүргізу үшін ынтымақтастықты нығайтуға қолайлы жағдайлар жасайды.
Алдағы жалпы отырыста Ұлттық қордан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда қаралады. Бұл Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» жобасын 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосу мақсатымен Парламент депутаттарының бастамасы негізінде әзірленіп, 2023 жылғы 23 мамырда Мәжіліске енгізілді. Негізгі мақсат – балалардың 18 жасқа толғанға дейін нысаналы жинақтаушы шоттарында ақшалай жинақ түрінде сақтап, тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуға мүмкіндік беру.
Сондай-ақ Бюро отырысында VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның құрамына жаңа мүшелерді қосу туралы мәселе қаралды.