Кеше 2026, 12:16 Фото: ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

"Бюллетеньдер алдын ала таратылады" деген қауесетке ОРК жауап берді

Бюллетеньдерді сайлаушылардың пәтерлеріне алдын ала таратып жатыр деген қауесеттер тараған болатын.

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров референдум бюллетеньдері сайлаушыларға алдын ала таратылып жатыр деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әбдіров мұндай қауесеттердің жалған екенін айтып, оны жедел түрде тоқтатқан Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғыс білдірді.

Бюллетеньдерді сайлаушылардың пәтерлеріне алдын ала таратып жатыр деген қауесеттер тарады. Осындай жалған ақпаратты дипфейктермен күрес орталығы арқылы дереу тоқтатқандарыңыз үшін рақмет. Жедел қабылданған шаралардың арқасында оған тиісті баға берілді. Мұндай жағдайдың болуы мүмкін емес. Қауесеттің дер кезінде тоқтатылғаны өте дұрыс болды, – деді ол.

ОРК төрағасының айтуынша, бюллетеньдер қатаң есепке алынатын құжат болып саналады және олардың әрқайсысының жеке реттік нөмірі бар.

Олар баспаханадан белгілі бір қорғаныс деңгейімен шығарылады. Бюллетеньдер полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен аумақтық сайлау комиссияларына жеткізіледі. Ал дауыс беруге үш күннен бір күн қалған аралықта заң талаптарына сәйкес сайлау учаскелеріне жеткізіледі. Осы уақыт бойы олар полицияның күзетінде болады. Сондықтан мұндай жалған ақпарат өте қауіпті, – деп түсіндірді Нұрлан Әбдіров.

Еске салсақ, референдум алдындағы "тыныштық күні" нені ескеру керек екені жайлы жаздық.

Айта кетейік, 2026 жылдың 15 наурызында ауқымды медиажоба – «Референдум – 2026» онлайн марафоны өтеді. Марафон сағат 09:00-де басталып, түнгі 00:15-ке дейін жалғасады.