Бюджеттік сала кәсіпорындары жұмысшыларының жалақысын 35% көтерді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстандағы 32 мыңнан астам кәсіпорын айлықақысы төмен жұмысшылардың жалақыларын көтермек ниетте. Бұл жөнінде облыстық әкімдіктің кеңейтілген аппарат отырысы барысында ШҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Бақытбек Қизатов мәлімдеді.

«Өңірімізде жалақысы төмен жұмысшылардың айлықақысын көтеру бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, 2017 жылы облыстағы кәсіпорындармен бірлесе отырып олардағы жұмысшылардың жалақыларын көтеруге бағытталған штаб құрылған болатын. Қазіргі уақытта аталмыш мәселе бойынша облысымыздың аудан, қалаларындағы 32 мыңнан астам кәсіпорын жұмысшыларының арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде 149 ірі, 174 орта және 31 588 шағын кәсіпорын қажетті құжаттамаларына бірқатар өзгерістер енгізді», - деді ШҚО Еңбек инспекциясының басшысы Бақытбек Қизатов.

Жауапты тұлғаның айтуынша, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бері Шығыс Қазақстан облысындағы 169 мың жұмысшының жалақысы 53,4% көтерілген. Яғни 36 мыңнан 55,7 мыңға көтерілген.

«Біз қазіргі уақытта аталған мәселені мониторингтаудың өзіндік алгоритімін жасап, облыстағы бірқатар кәсіпорындарға бағыттадық. Олардың ішіндегі бюджеттік сала кәсіпорындары қазіргі уақытта жұмысшыларының орташа жалақысын 35%-ға көтеріп те қойды. Ал қалған кәсіпорындар алдағы уақытта аз жалақы алатын жұмысшылардың айлықақысын 8-ден 12% дейін көтеретін болады. Қолға алынған жұмыстар үшжақты комиссия отырысында қаралып, бой көтерген мәселелерді әкімдік, кәсіподақ және жұмыс беруші тарап болып шешетін боламыз», - деп қосты инспекция басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы