Бюджетті бақылаудың жаңа тәсілі: Ұлттық банк цифрлық теңге бойынша мәлімдеме жасады
Бюджет қаражатының жұмсалуын таңбалау үшін цифрлық теңгені пайдалану бойынша пилоттық жоба іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Цифрлық теңгені бағдарламалау технологиясы Ұлттық қордың қаражатынан қаржыландырылатын жоба аясында тестілеуден өтуде
Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатынан цифрлық теңге платформасын пайдалану бойынша пилоттық жобаның сәтті іске қосылғаны туралы хабарлайды. Ұлттық цифрлық валютаны енгізудің екінші кезеңі аясында бағдарламаланатын цифрлық теңге «Достық-Мойынты» темір жол учаскесін салуға жұмсалады.
Цифрлық теңгені бағдарламалау технологиясы қаржы иесіне оны өз бетінше бақылауға және тиімді жұмсауға мүмкіндік береді.
Пилоттық іске қосу барысында цифрлық теңге платформасында жобаны қаржыландыруға бөлінген ақшаға таңба қойылды. Таңбаланған цифрлық теңге қажетті міндеттемелерді толық көлемде орындаған ұйымдардың атына ғана төленеді. Таңбаланған ЦТ-мен есеп айырысу түпкілікті өнім берушілер мен мердігерлерге дейін бүкіл тауар жеткізу тізбегі бойынша жүргізіледі. Барлық тұтынушының цифрлық теңгедегі шоттарға қол жеткізуі нарыққа қатысушылардың қолданыстағы интерфейстері арқылы әдеттегі форматта ұйымдастырылған, - делінген хабарламада.
Осылайша, таңбалау технологиясы бөлінген қаражаттың нысаналы жұмсалмау тәуекелдерін азайтады. Сондай-ақ мемлекеттік қаржы жұмсаудың айқын және тиімді болуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Пилоттық жоба «Самұрық-Қазына» АҚ-мен, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-мен, «Қазпошта» АҚ-мен және «Қазақстан Халық банкі» АҚ-мен бірлесіп іске қосылды.
Пилоттық жобаны дамыту аясында цифрлық теңгені таңбалау үшін эталондық дереккөздерді (ақпараттық жүйелерді) кеңейту, нарыққа қатысушылардың (екінші деңгейлі банктердің) санын кеңейту және Ұлттық қордың қаражатынан қаржыландырылатын өзге де жобаларға арналған платформаны пайдалану жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Үкімет пен және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірлесіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларында бюджет қаражатын нысаналы мемлекеттік жұмсау, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру бойынша бірқатар пилоттық жоба іске асырып жатыр. Салықтық әкімшілендіруді цифрландыру, ұлттық цифрлық валюталардағы трансшекаралық есеп айырысу және цифрлық активтер саласындағы есеп айырысу бойынша пилоттық жобалар да жоспарланған.