17 Қыркүйек 2026, 12:40 Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Бюджеттен үнемделген 44,4 млрд теңге қай шығыстардан қысқарды? Қаржы вице-министрі түсіндірді

2027 жылғы бюджет жобасын әзірлеу кезінде 44,4 млрд теңге көлеміндегі шығыс оңтайландырылды. Оның басым бөлігі мемлекеттік органдарды ұстап-күтуге байланысты. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Құрылтай отырысынан кейінгі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

BAQ.KZ тілшісі вице-министрден 44,4 млрд теңгенің нақты қай салалар мен жобалардан қысқартылғанын және бұл шешім халыққа тікелей әсер ететін бағдарламаларды қамти ма деп сұрады.

«Мұның басым бөлігі мемлекеттік органдарды ұстап-күтуге байланысты шығыстар. Оның ішінде біліктілікті арттыру бойынша бірқатар үлкен сомада қаржы ұсынылды, біз олар бойынша жоспар жасап, кезең-кезеңмен қаражат қарастырдық», – деді Абзал Бейсенбекұлы.

Оның айтуынша, ақпараттық жүйелерді сүйемелдеуге бағытталған бірқатар шығыс та қысқартылған.

«Сондай-ақ бюджеттік шолу болды.  Цифрлық министрлігінде сараптама орталығы бар, олар да өз қорытындыларын береді. Сол жерде ақпараттық сүйемелдеу бойынша қысқартқанымыз бар», – деді вице-министр.

Бұдан бөлек, көлік қызметі, форумдар мен әлеуметтік зерттеулерге жұмсалатын қаражат та қайта қаралған.

«Сонымен қатар транспорттық қызмет көрсету нормативтері қабылданды. Форумдар бойынша, әлеуметтік зерттеулерді де ірі жобалар бойынша қаржыны қарастырдық», – деді ол.