Бюджетке орасан зор шығын әкелетін МЖӘ-нің құны көк тиын - депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент мүшесі ретінде Қызылорда облысындағы Қараөзек ауылдық округіне арнайы болып, мемлекеттік жеке әріптестік негізде жобалық құны 154,5 млн теңге тұратын дәрігерлік амбулаторияны көзбен көрдім, деп жазды Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы өзінің facebook-тегі парақшасында.

Қараөзектегі амбулатория ғимаратының көлемі 350 кв/м ғана. Мұнда медициналық құрал-жабдықтар жоқ есебі. Сонда тек 350 кв/м ғимараттың құны ауылдық жерде қалайша 154,5 млн теңге болады? Маған ешкім түсіндіріп бере алмады. Оның құны ары кеткенде 30 млн теңгеден аспайтын обьектіні бес есе қымбатқа салу ақылға симайтын дүние. Осындай мемлекеттік жеке меншік әріптестік негізде өзіндік құнынан бірнеше есе қымбатқа салынған объектілер облыста көп екен, - деді ол.

Ол атағандай, қазір облыс бюджетінен МЖӘ негізінде осы қаржыларды қайтару үшін миллиардтаған қаржы бөлініп отыр.  

Бюджетке орасан зор шығын әкелетін мұндай мемлекеттік жеке меншік әріптестіктің құны көк тиын.  Мемлекеттік мүдде, обал-сауап, ұят деген қасиетті дүниелерді жоғалтып алдық. Осындай объектілер бойынша жасалған келісімшартты заң аясында бұздырып, қайта жасау керек. Облыстық прокуратураның назарына! Осыған жол берген лауазымды тұлғалар тиісті шара көру керек деп есептеймін. Еліміз ауыр күндерді басынан өткізіп жатқанда әрбір тиын санаулы болуы керек, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы