Бюджетке көмек, ірі жобалар және болашаққа жинақ: Ұлттық қордың қаржысы қайда жұмсалады
Қазақстанның Ұлттық қоры 2025 жылы республикалық бюджетке 5,25 трлн теңге аударды. Қор қаражаты теміржол мен газ құбыры құрылысына да бағытталды. Ал 2026 жылы бюджетке 2,77 трлн теңге кепілдендірілген трансферт бөлу жоспарланған.
Қазақстанның Ұлттық қоры – мұнайдан түсетін табысты жинақтап қана қоятын қаржы қоры емес. Ол ел экономикасы қиындыққа тап болған кезде мемлекеттің қаржылық тұрақтылығын сақтауға, бюджет міндеттемелерін орындауға және стратегиялық маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қордың құрылғанына биыл 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде оның ел экономикасындағы орны да, қаражатты пайдалану тәртібі де өзгерді. Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің шолуында.
Бүгінде Ұлттық қордың активтері ондаған миллиард доллармен өлшенеді. Оның бір бөлігі инвестицияланып, табыс әкелсе, екінші бөлігі бюджетке және инфрақұрылымдық жобаларға бағытталады.
Ұлттық қор не үшін құрылды?
Қазақстанның Ұлттық қоры 2000 жылғы 23 тамызда Президент Жарлығымен құрылып, 2001 жылғы 18 мамырда ресми түрде жұмысын бастады. Оның негізгі мақсаты – елдің қаржы активтерін жинақтау, экономиканың мұнай секторына тәуелділігін азайту және сыртқы экономикалық өзгерістердің ықпалынан қорғау.
Қор Үкіметтің Ұлттық банктегі шотына шоғырланған қаржы активтерінен тұрады. Оның қаражатын Ұлттық банк Үкіметпен жасалған сенімгерлік басқару шарты негізінде басқарады. Қор активтері екі негізгі портфельге бөлінген.
Тұрақтандыру портфелі республикалық бюджеттің ағымдағы қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және қор активтерінің өтімділігін сақтауға арналған. Ал жинақ портфелінің міндеті – қаражатты ұзақ мерзімге сақтау әрі көбейту. Бұл портфельдегі активтер облигациялар, акциялар, алтын және өзге де қаржы құралдарына орналастырылады.
Қордың ақшасы негізінен шетел валютасында сақталып, халықаралық қаржы нарықтарындағы түрлі құралдарға бөлінеді. Мұндай тәсіл бір ғана нарыққа немесе қаржы құралына тәуелді болмауға мүмкіндік береді. Қор активтерін басқару жыл сайын сыртқы аудиттен өтеді.
Қор активтері қаншаға жетті?
Ұлттық қордың көлемі мен инвестициялық табысы оның қаржылық мүмкіндігін көрсететін негізгі өлшемдердің бірі. Ұлттық банктің 2025 жылдың қорытындысы бойынша жариялаған мәліметіне сәйкес, қордың валюталық активтері бір жылда 5,1 млрд долларға өсіп, 63,9 млрд долларға жеткен. Ал 2025 жылғы инвестициялық табыс 8,7 млрд доллар немесе 15,1 пайыз болды.
Үкіметтің 2025 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебінде Ұлттық қор активтерінің жалпы көлемі жыл соңында 73,8 млрд доллар болғаны көрсетілген. Оның ішінде валюталық портфель активтері 63,9 млрд долларды құраған.
Қаржы министрлігінің дерегінше, 2025 жылы қорға 3,77 трлн теңге түсім түскен. Оның 3,72 трлн теңгесі мұнай секторындағы ұйымдардан алынған тікелей салықтар есебінен қалыптасқан. Бұл көрсеткіш қор кірісінің әлі де мұнай саласына едәуір тәуелді екенін аңғартады.
Яғни Ұлттық қордың көлемі инвестициялық табысқа ғана емес, мұнай секторынан түсетін кіріске де байланысты. Сондықтан қор активтерін сақтау мен көбейту үшін қаражатты тиімді басқару және кіріс көздерін әртараптандыру маңызды.
Бюджетке қанша қаражат бөлінді?
Ұлттық қордың қоғамға тікелей сезілетін қызметінің бірі – республикалық бюджетті қолдау. Қордан бюджетке ақша екі негізгі жолмен аударылады: кепілдендірілген және нысаналы трансферт түрінде.
Кепілдендірілген трансферт бюджетке алдын ала бекітілген көлемде бөлінеді. Ал нысаналы трансферт ел үшін аса маңызды объектілер мен жалпыұлттық жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Оны бөлу тәртібі заңнамада белгіленген.
2025 жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке барлығы 5,25 трлн теңге аударылды. Оның 2 трлн теңгесі кепілдендірілген трансферт болса, 3,25 трлн теңгесі нысаналы трансферт ретінде берілген.
Ал 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте биыл Ұлттық қордан 2,77 трлн теңге кепілдендірілген трансферт алу көзделген. Қаржы министрлігінің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған мәліметінде биыл бюджетке нысаналы трансферт қарастырылмағаны нақты көрсетілген. 1 шілдедегі жағдай бойынша кепілдендірілген трансферттің 1,86 трлн теңгесі аударылған.
Бұл деректерден бір маңызды жайтты байқауға болады: 2025 жылы бюджетке нысаналы трансферт едәуір көлемде бөлінсе, 2026 жылғы бюджетте мұндай аударым көзделмеген. Демек, қордан бөлінетін қаражаттың көлемі мен бағыты әр жылдағы бюджеттік жоспарға және заңда белгіленген тәртіпке байланысты.
Теміржол мен газ құбыры: қор қаржысы бағытталған жобалар
Ұлттық қор қаражаты тек бюджет тапшылығын жабуға ғана емес, елдің инфрақұрылымын дамытуға да жұмсалады. Мұндай жобалардың қатарында «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолын салу және «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысы бар.
Ұлттық банктің мәліметінше, осы стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңінде Ұлттық қордан 666 млрд теңге бөлінген. Оның 91,2 млрд теңгесі 2025 жылы бағытталған.
Бұл жобалардың маңызы олардың құрылысымен ғана шектелмейді. Теміржол желісінің өткізу мүмкіндігін арттыру жүк тасымалы мен транзиттік әлеуетке әсер етеді. Ал магистральдық газ құбыры өңірлерді газбен қамтуға қажетті инфрақұрылымды дамытуға арналған.
Қаржының мақсатты жұмсалуын бақылау үшін цифрлық теңге технологиялары да қолданылған. Ұлттық банктің хабарлауынша, 2025 жылы Ұлттық қор қаражаты есебінен іске асырылатын инфрақұрылымдық жобаларды қоса алғанда, мемлекеттік қаржы саласында цифрлық теңгені пайдалану бағытында 30-дан астам жоба іске қосылған. Олардың жалпы сомасы шамамен 340 млрд цифрлық теңгені құраған.
2026–2027 жылдары цифрлық теңге арқылы мақсатты жұмсау тетігімен мемлекеттік шығыстардың шамамен 1 трлн теңгесін қамту жоспарланып отыр. Оған мемлекеттік сатып алулар, субсидиялар және күрделі жобалар кіреді.
«Ұлттық қор – балаларға»: болашақ ұрпаққа арналған үлес
Ұлттық қордың тағы бір маңызды бағыты – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Оның аясында қордың инвестициялық табысының бір бөлігі балалардың есепшотына аударылады. Бағдарламаның мақсаты – елдің табиғи байлығынан түсетін табыстың белгілі бір үлесін келешек ұрпаққа жеткізу.
Үкіметтің мәліметінше, 2026 жылы бағдарламаға қатысатын әр балаға 130 доллардан есептелген. Үш жыл ішінде бір балаға есептелген жалпы қаражат 370 долларға жеткен.
Бұл қаражатты белгіленген талаптарға сәйкес тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуға пайдалануға болады. Осылайша Ұлттық қордың пайдасы тек бүгінгі бюджет шығыстарымен шектелмей, балалардың болашақ мүмкіндіктерін кеңейтуге де бағытталған.
Қорға түсетін қаражат пен одан алынатын қаржының арақатынасы
Ұлттық қордың қаржылық тұрақтылығын бағалағанда оның жалпы көлеміне ғана қарау жеткіліксіз. Қорға жыл сайын қанша қаражат түсетіні, қанша ақша алынатыны және активтердің инвестициялық табысы да маңызды.
2025 жылғы көрсеткіштер осы үш бағыттың қатар жүретінін көрсетеді. Бір жағынан, қорға мұнай секторынан 3,72 трлн теңге тікелей салық түскен. Екінші жағынан, республикалық бюджетке 5,25 трлн теңге аударылған. Сонымен бірге Ұлттық қордың инвестициялық табысы 8,7 млрд долларға жеткен.
Бұл сандар қордың бір мезгілде бірнеше міндет атқаратынын аңғартады: қаражат жинайды, оны инвестициялайды және қажет болған жағдайда бюджет пен стратегиялық жобаларды қаржыландырады. Дегенмен қордан алынатын қаржының көлемі мен оны пайдалану мақсатына тұрақты бақылау қажет. Өйткені Ұлттық қордың басты міндеті – бүгінгі қажеттілікті өтеумен қатар, елдің ертеңгі қаржылық мүмкіндігін де сақтау.
Қазақстан үшін Ұлттық қордың маңызы оның шотындағы қаражаттың көлемімен ғана өлшенбейді. Қор активтерін қаншалықты тиімді басқаратынымыз, бюджетке тәуелділікті қалай азайтатынымыз және бөлінген қаржының ел экономикасына қандай нақты пайда әкелетіні де шешуші рөл атқарады. Қордың 25 жылдық тәжірибесі көрсеткендей, бұл қаражат – тек бүгінгі күннің тірегі емес, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік.