Бюджет және салық саясатының тиімділігін арттыру қажет – Президент
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыру қажет. Соңғы бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кетті. Сондықтан бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет, - деді Тоқаев.
Ол Қаржы министрлігі былтырғы табыс жоспарын алдын ала төленген осы жылдың салықтары есебінен орындағанын айтты. 600 миллиард теңге көлемінде қосылған құн салығын қайтару уақытша тоқтатылып, бюджет мәселелері бизнестің айналымдағы қаражаты есебінен шешілгенін жеткізді.
Әлі шешімін таппаған тағы бір мәселе – бюджетті бөлу тәртібі. Ол экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталмаған. Қаражат күнделікті мәселелерді шешуге жұмсалады, стратегиялық мақсаттар соның көлеңкесінде қалады. Үкімет шығыстардың экономикалық пайдасы барынша жоғары болуына баса мән бере отырып, оның нақты басымдықтарын айқындауы керек, - деді Президент.