Бюджет қайта қаралды: 2027 жылы өңірлерде қандай жобалар жүзеге асады?
Құрылтай «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңды үшінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжатты талқылау барысында 2027 жылғы бюджет шығыстары Президент тапсырмаларын орындауды ескере отырып қайта қаралды. Сонымен қатар депутаттардың бастамасымен өңірлердегі 52 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға қосымша 47 млрд теңге бөлінді.
Бюджетті қалыптастыру кезінде әлеуметтік бағыттылықты сақтау басты назарда болды. Жалпы бюджет қаражатының үштен бірінен астамын адами капиталды дамытуға және азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бағыттау жоспарланған. Бұдан бөлек, өңірлік инфрақұрылымды жаңғыртуға және экономиканың нақты секторын қолдауға қаражат қарастырылды.
Президент тапсырмаларын орындауға 215,6 млрд теңге бөлінеді
Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар 2027 жылы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған түзетулерді қолдады.
Атап айтқанда, 114,1 млрд теңге Президенттің 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында жарияланған бастамаларды іске асыруға бағытталады. Оның ішінде ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеру, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлерінің жалақысын арттыру және орта білім беру саласына жасанды интеллект енгізу бар.
Тағы 101,5 млрд теңге Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларын орындауға қарастырылған. Бұл қаражаттың бір бөлігі Сәтбаев атындағы каналдан Астана қаласына дейін су құбырын жүргізуге және «Балқаш» атом электр станциясы жобасы бойынша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге жұмсалады.
Сонымен қатар республикалық бюджетті тиімді әрі сапалы орындау үшін мемлекеттік органдар арасында 135,5 млрд теңге қайта бөлінді.
Өңірлердегі 52 жобаға қосымша 47 млрд теңге
Құрылтай депутаттарының бастамасымен 2027 жылғы бюджетте өңірлердегі 52 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға қосымша 47 млрд теңге қарастырылды. Бұл жобалар жылу және энергетика жүйелерін жаңғыртуға, елді мекендерді газбен және сумен қамтамасыз етуге, өнеркәсіптік аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Жылу, электр энергиясы және газ тасымалдау жүйелеріне қатысты жобаларға 28,1 млрд теңге бөлінеді.
Атап айтқанда:
- Ақмола облысында Қорғалжын ауданындағы жылу желілері, Көкшетаудағы тұрмыстық және ауыз сумен жабдықтау жүйесі мен кәріз коллекторы салынып, Атбасар қаласындағы орталық қазандық қайта жаңартылады.
- Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында газ құбыры мен газ тарату желілері салынады.
- Жамбыл облысының Талас ауданында газ тарату желілері, Тараз қаласында қосалқы станция құрылысы жоспарланған.
- Қарағанды облысындағы Ақсу-Аюлы, Еркіндік, Өспен және Сәкен Сейфуллин ауылдарында газбен жабдықтау желілері салынып, Абай ауданындағы магистральдық жылу желісі реконструкцияланады.
- Қостанай облысының Қамысты ауданында газ тарату желілері салынып, Арқалық пен Лисаковск қалаларындағы магистральдық жылу желілері жаңартылады.
- Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Сунақата, Еңбек, Екпінді, Қожаберді және Сүттіқұдық елді мекендерінде газ құбыры мен қалаішілік газ тарату желілері салынады.
- Маңғыстау облысының Ақтау қаласында қазандық салу көзделген.
- Абай облысында Семей қаласындағы екі мектептің орталық жылыту пункттері мен жылу желілері қайта жаңартылып, қуат трансформаторлары жаңғыртылады.
- Солтүстік Қазақстан облысының Новоишимское ауылында жылумен жабдықтау желілері салынып, Уәлиханов және Ақжар аудандарында жоғары вольтты сақиналы желі жүргізіледі.
- Шығыс Қазақстан облысында Өскемен қаласындағы қазандық қайта жаңартылады.
- Жетісу облысының Текелі қаласында жылу желілері жаңартылып, Ұлытау облысында газ құбыры тармағы мен Атасу автоматтандырылған газ тарату станциясы салынады.
Су тасқынынан қорғау және әлеуметтік нысандар құрылысы
Атырау облысындағы өзен жағалауларын нығайту жұмыстарына қосымша 2,5 млрд теңге бөлінеді. Қаражат Алға ауылындағы Жайық өзенінің жағалауын, сондай-ақ Махамбет ауданындағы Махамбет, Бейбарыс және Талдыкөл ауылдарын су тасқынынан қорғауға бағытталады.
Қостанай, Түркістан және Ұлытау облыстарындағы сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға 4,9 млрд теңге қарастырылған.
Бұдан бөлек, Павлодар әуежайының терминалы мен нысандарын қайта жаңартуға және Шымкентте ауысымына 500 адам қабылдайтын қалалық емхана салуға 2,5 млрд теңге бағытталады.
Ақтөбе, Жетісу және Батыс Қазақстан облыстарындағы жобаларды мемлекеттік қолдауға қосымша 6,5 млрд теңге бөлінеді.