Бюджет қаражатын жымқырған істе жаңа деректер пайда болды
Жетісу облысының білім беру жүйесінде ірі жымқыру туралы істе жаңа мән жайлар бар, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жетісу облысы бойынша Антикоррупциялық қызмет Талдықорған қаласы Білім бөлімінің басшысына қатысты тергеу жүргізуде.
Ол Білім бөлімінде бюджет қаражатын ұрлау фактілерін жасырғаны үшін қарамағындағылардан 280 млн теңге пара алды деген күдікке ілінген.
Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды.
Өз кезегінде пара берген адамдар бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау туралы іс бойынша негізгі айыпталушылар болып табылады және соттың санкциясымен қамауда ұсталып отыр, - делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, күдіктілерге қатысты олардың кінәсінің дәрежесін айқындай отырып, түпкілікті үкімді сот шығаратын болады.
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Сонымен бірге, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, оның қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлілігі заңды күшіне енген сот үкімімен анықталмайынша, әрқайсысы кінәсіз деп есептеледі.