"Бюджет қарастырылмаған". Министр Қазақстандағы жолдардың жай-күйі туралы айтты
Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев жол сапасына қатысты сынның көп айтылып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі таңда жолдардың сапасы бойынша көп сын айтылып жатыр. Олардың басым бөлігі жергілікті желіге қатысты. Биыл 4 мың 200 шақырым жергілікті жолдар жөндеумен қамтылған, оның 3 мың 600 шақырымы жыл соңына дейін аяқталатын болады. Жалпы бұл жұмыстарға бюджеттен 384 млрд теңге көзделген, оның тек 81 млрд теңгесі ғана немесе 21 %-ы жергілікті бюджеттен бөлінген, – дейді Қарабев.
Ол кейбір аймақтар, оның ішінде жолдардың жай-күйі ең төмен өңірлерде жергілікті бюджеттен мүлдем қаражат қаралмағанын атап өтті.
Атап айтсақ, олар Батыс Қазақстан, Қостанай, Абай, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстары.
Осы орайда, тиісті әкімдіктер жолдардың нормативтік жағдайын көтеру үшін, жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыруды қарастыруы қажет, – дейді Көлік министрі.