Бюджет кірісі жоғары болғанда ең төменгі жалақы 85 мың теңге болмас еді - депутат

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Руслан Берденов алдағы үш жылға арналған республикалық бюджеттің жобасын талқылағанда айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент биыл қыркүйектің басында елдің берік өнеркәсіптік қаңқасын қалыптастыру, экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер қойды. Алайда, бұл бюджет жобасында қойылған міндеттердің толыққанды іске асырылуын көріп отырған жоқпыз. Қаржы министрлігінің берген жауабына сүйене отырып, бюджетке енгізілетін болашақ түзетулер шеңберінде көптеген сұрағымызға жауап аламыз деп үміттенеміз. Осы бюджет жобасын «даму бюджеті» емес, «қолдау бюджеті» деп атауға болады, - деді депутат.

Өйткені 2026 жылға қарай экономиканың нақты секторына жұмсалатын шығындар 1,4 трлн теңгені құрайды. Бұл - бюджеттің барлық шығынының 5,5% ғана. Ал әлеуметтік салаға жұмсалатын шығыстар 10,7 трлн теңге. Бұл бюджеттің барлық шығынының 42,7%-ы.

Оның сөзінше, бюджетте экономикалық өсуді ынталандыруға бағытталған шараларға қаражат жеткіліксіз.

Бірақ «бюджет – ол проблеманың түбірі емес, тек салдары ғана». Проблеманың түбірі – ол қазынаны толтыратын экономиканың қуатында. Егер біз ЖІӨ құрылымын қарастыратын болсақ, көтерме және бөлшек сауда - 16,4%, тау-кен өнеркәсібі - 14,5%, өңдеу өнеркәсібі - 13,4% және құрылыс - 5,3% үлесі бар. Қарапайым тілмен айтқанда, бізде «базар экономикасы» басым. Дамыған шет елдерде мемлекеттік бюджет кірісі ЖІӨ 35-50%-ы. Мұндай жағдайда бюджет кірісі қазір 20 трлн емес, 50 трлн теңге болуға тиіс еді. Ондай табыс болған кезде елімізде ең төменгі жалақы 85 мың, ал төменгі зейнетақы 57 мың теңге болмас еді. Сондықтан экономикалық өсу мен бюджетті толықтыру көздерін іздестіру жөн деп есептейміз. Әйтпесе біз нашар немесе өте нашар шешімдер арасынан таңдау жасап жүре береміз, - деп түсіндірді Руслан Берденов Мәжілісте.

Respublika партиясының мүшесінің сөзінше, бюджеттік ресурстар шектеулі болған жағдайда, мынадай бірнеше даму стратегиясы болады:

1) негізгі салаларға басымдық беру: экспортқа бағытталған салаларды қолдау қажет. Біздің елдің керемет табиғаты туралы айтудың өзі артық, тіпті «екінші Швейцария» деп айтып жатамыз, ал туризм саласы ЖІӨ тек 3,4% үлесін алып отыр. Екінші – біз елімізді ауыл шаруашылық жер көлемі бойынша әлемде 5-орында деп мақтан етеміз, ал ауыл шаруашылығы саласы ЖІӨ тек 5,2%-ын ғана алып отыр.

2) көлеңкелі экономиканы азайту. 2022 жылы оның деңгейі 18,78%-ды құрады. Бұл 19,5 трлн теңге, яғни көлемі бір жылдық республикалық бюджетке тең. Басқаша айтқанда, бұл өспей қалған зейнетақы, жалақы, салынбай қалған жол, мектеп, аурухана, үйге дейін жетпей қалған ауыз су.

3) ойын бизнесіне салынатын салықтар мен төлемдерді ұлғайту. Біз корпоративті табыс салығын 20%-дан 30%-ға көбейтуді қолдаймыз. Осы бизнес түріне басқа да салық түрлерін өсіру керек. Салықтардың төмен болуы ұлт ауқымында лудомания сияқты трагедияның кеңінен таралуына бірден-бір себеп болуда.

4) даму жобаларын қаржыландыру үшін әлемдік қорлардың мүмкіндіктерін пайдалану қажет. Қазақстанның мемлекеттік борышының жалпы деңгейі ЖІӨ 27,5%-ын құрап отыр, оның ішінде сыртқы борыш - 7,3%. Ал басқа елдерде борыштың шегі – 50-60%-ға дейін.

5) квазимемлекеттік секторда корпоративтік басқаруды түбегейлі жақсарту.

«Health check» халықаралық валюта қоры моделінің көмегімен жасалған талдау бойынша «Қазақстан Темір Жолы» мен «Самұрық-Энерго» қаржылық тұрақтылық нәтижелері төмен. Мұндай көрсеткіштермен көлік-логистика саласы елдің экономикалық даму локомотивтерінің біріне айнала алмайды. «Respublica» партиясының фракциясы, республикалық бюджет жобасын бекітуді қолдай отырып, Үкімет, басқа да фракциялар және қоғаммен бюджетті тиімді басқаруды қамтамасыз ету және еліміздің даму мақсаттарына қол жеткізу үшін, бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз, - деп айтты Мәжіліс депутаты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы