Бюджет қаражатының игерілуі оның жұмсалуының тиімділігімен бағалануы тиіс – депутат
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқан сарабдал саясатының нәтижесінде еліміздің, оның ішінде Әулиеата өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды түрде артып келеді.
Бұл туралы Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Әлімбек Жұмабаев айтып берді. Оның пайымынша, былтырғы коронавирустық пандемия бүкіл жаһандық экономикаға ауыр соққы болды. Жамбыл облысында да көптеген кәсіпорын шаруасын тоқтатып, кіші және орта бизнеске елеулі түрде нұқсан келді.
Осы жағдайларға қарамастан өткен жылы Жамбыл облыстық бюджетке өзіндік кірістердің түсімі 33,3 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылға қарағанда 2 млрд теңгеге артық түсуі – жергілікті атқарушы органдардың осы бағыттағы жүйелі жұмысының және өңір экономикасы жақсарғанының дәлелі. Алайда бюджеттік түсімдердің құрылымын қарап отырсақ, өзіндік кірістерге қарағанда республикадан қаржы алуымыз басымырақ болып отыр. 2019 жылмен салыстырғанда, облысымызға республикалық қазынадан 81,5 млрд теңгеге артық қаражат бөлінген екен. Әрине бұл біздің аймағымыз үшін жақсы. Бірақ жергілікті атқарушы органдар салық ведомстволарымен бірлесе отырып, өзіндік кірістер үлесін арттыруға, салықтық базаны кеңейтуге бағытталған жұмыстарын бұдан әрі жалғастырулары қажет, - деді Әлімбек Әсембекұлы.
Депутаттың сөзіне қарағанда, Жамбыл облысында бюджет қаражаттарын игеру бойынша соңғы жылдары жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілуде. Мәселен, былтыр аймақта қазына қаражаттарын игеруде 100%-дық көрсеткішке қол жеткізілген. Ол осы тұрғыдан жергілікті әкімдік пен бюджет процесіндегі қатысушылардың жұмыстарына жоғары баға беруге болады деп санайды.
2020 жылы Жамбыл облыстық бюджет шығындары 389,1 млрд теңгені құрап, арғы жылғыдан 34,8%-ға немесе 100 млрд теңгеге артық болды. Әлеуметтік салаға шығындардың 30%-ға жуығы немесе 114,2 млрд теңгесі жұмсалды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 35,2%-ға немесе 29,7 млрд теңгеге артық. Ағымдағы шығындарға 351,5 млрд теңге, дамуға 98,1 млрд теңге бөлінген. Жергілікті қазына шығындарының орындаулына қатысты 100%-ға қол жеткізу бұл жыл бойы күнделікті қаржының игерілуі бақылауда болғанын көрсетеді, - деді халық қалаулысы.
Алайда Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау, жастар саясаты, дін істері, табиғи ресурстар басқармалары белгілі себептермен 107,4 млн теңге сомасындағы бюджет қаражатын толық игермеген. Бұл дегеніміз – межеге қойылған көрсеткіштердің бірқатары орындалмады деген сөз.
Әлімбек Жұмабаевтың айтуынша, бюджеттің атқарылуы қаражаттың 100% игерілуімен қатар, оның жұмсалуының тиімділігімен бағалануы тиіс. Еліміз тәуелсіздік туын тіккелі мемлекет саясатының басымдығы, басты мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталып келеді. Айталық, Үкімет тарапынан бірқатар мемлекеттік және салалық бағдарлама қабылданып, іске асырылуда. Осы бағдарламаларда жоспарланған көрсеткіштердің орындалуы бюджеттік қаражаттың сол бағытқа жоспарланып, тиімді жұмсалуына байланысты. Сол үшін жергілікті атқарушы органдар өз жұмысында бюджеттің нәтижеге бағытталуын, қаражаттың тиімді жұмсалуын, шығындардың тікелей және түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізілуін қамтамасыз ету керек.
Жалпы, соңғы жылдары бюджет кірістерінің орындалуы және қаражаттардың игерілуі бойынша жақсы үрдіс қалыптасқан. Бұл – әкімдіктің осы бағыттағы жұмыстарының дұрыс жоспарланғандығының белгісі, - деді Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты.