Бюджеттен инвестициялық шығын талап етпейтін жобаларды іске асыру керек – Смайылов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кезекті отырысында Қазақстан Республикасының қаржы министрі Әлихан Смайылов мемлекеттік-жекешелік әріптестік бюджеттен тыс есебінен экономикаға инвестиция тартуды кеңейтетінін атап өтті.
«Жергілікті және республикалық деңгейде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде іске асырылатын жобалардың саны ұлғаюда. Сонымен бірге, мемлекеттік органдардың және өңірлер әкімдерінің тарапынан мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қолданыстағы барлық мүмкіндігін пайдалануды, оның қолдану аясын кеңейтуді қажет етеді. Сондай-ақ, бюджеттен инвестициялық шығындарды талап етпейтін жобаларды іске асыруды жандандыру керек. Мұндай тәсіл бюджетке жүктемені азайтып, бюджеттен тыс есебінен экономикаға инвестиция тартуды кеңейтеді. Бұл саладағы жұмыс біздің назарымызда болады. Әкімдер айтқан ұсыныстар ескеріледі», - деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар, кезекті Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі аясында іске асырылып жатқан жобалар туралы баяндай отырып, Қазақстанда 11 мың шақырым жолды ақылы жүйеге ауысу жоспарланғанын жеткізді.