Бюджет ақшасы Қазақстан экономикасына жұмыс істеуі керек – Бектенов

Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік қолдау алушыларды ел экономикасын дамытуға қаржы бағыттауға міндеттейтін құқықтық тетіктерді әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекеттік қолдау алатын барлық тараптарға тиісті құқықтық механизмдер жасалуы керек. Егер қолдау алсаң, сол қаражатты отандық өндірушілерді қолдауға жұмсауға міндеттісің, – дейді Бектенов.

Үкімет басшысының айтуынша, бюджет қаражаты мен ұлттық даму институттарының ресурстары шетелдік экономикаларды нығайтуға емес, ел ішінде жұмыс істеуге бағытталуға тиіс.

Егер Қазақстанда қандай да бір өнім өндірілмесе, онда шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізіп, оларды елге шақырып, өндірісті осында орналастыруға ықпал ету қажет. Мемлекеттік қолдауды алу үшін олар Қазақстанда өнім шығаратын болуы керек. Біз осы қағидатты қатаң ұстануымыз қажет, – деді Премьер-министр.

Сонымен қатар Үкімет тапсырмасы аясында отандық кәсіпорындар арасындағы өндірістік кооперацияны дамыту бойынша нақты шаралар әзірленіп жатыр.

Сондай-ақ 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандық тауар өндірушілердің автоматтандырылған тізілімі іске қосылады.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов тандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі жасалып жатқанын және жалған өндірушілер енді нарыққа кіре алмайтынын айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы