Бюджет-2026: Қазақстанның табысы мен шығыны қандай болмақ?

Экономист Айбар Олжай 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, республикалық бюджет жобасына Мемлекет басшысы осы аптада қол қоюы мүмкін.

Республикалық бюджет – еліміздің негізгі бюджеті. Бірақ толық Мемлекеттік шоғырланған бюджет тек республикалық бюджеттен ғана тұрмайды. Оның құрамына жергілікті бюджет пен резервті қорлардың барлығы кіреді. Республикалық бюджет Парламентте бекітіледі. Ал жергілікті бюджеттер сол жергілікті облыс пен қалалардың өз мәслихаттарында бекітіледі. Мәслихаттар мен Парламент осы айтылған бюджеттердің барлығын бекітіп тастағанда, біздің көз алдымызға мемлекеттік бюджеттің үлкен картинасы келеді, - деп атап өтті экономист.

Айтуынша, елімізде бюджет жүйесі бірнеше сатыдан тұрады.

Бүгінгі таңда Қазақстан 4 сатылы бюджет жүйесі бойынша жұмыс істейді. Бюджеттің негізгі заңы –  Бюджеттік кодекс деп аталады.

  • Бюджеттің бірінші сатысы – Республикалық бюджет;
  • Екінші сатысы – республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың бюджеті;
  • Үшінші сатысы – аудандық бюджет;
  • Төртінші сатысы – ауыл округтарының бюджеті.

Келесі жылы республикалық бюджеттің табысы трансферттерді есепке алмағанда, яғни таза салықтан 19,2 триллион теңге болуы тиіс. Бұл биылғы жылдан 32 пайызға артық. Теңгелей айтсақ, 4,6 триллион теңгеге көп. Осы табыс ненің есебінен ұлғаюы мүмкін? 1,5 триллион теңге макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруынан, яғни ішкі жалпы өнімнің өсуінен, экспорт пен импорттың өсуінен келеді. 110 миллиард теңге салық және кедендік әкімшілендірудің жақсаруынан түсуі тиіс. Тағы 1,5 триллион қосымша құн салығының артуы мен түрлі жеңілдіктердің қысқаруынан келеді деп жоспарланған, - деп түсіндірді Айбар Олжай.

Бұл – нақты салық реформасының әсері.

2026 жылы 10 триллион теңгені қосымша құн салығы алып келуі тиіс. Оның рөлі бірден артты. Корпоративті табыс салығы шамамен 5,2 триллион теңге алып келеді. Пайдалы қазбаларды пайдаланғаны үшін алынатын рентадан 1 триллион теңге түседі. Кедендік баж салығы 2,5 триллион теңге, акциздер 151 миллиард теңге алып келеді. Тағы басқа да ұсақ-түйектерін қосқанда 19,2 триллион теңге болады, - деді экономист.

Трансферт, айыппұл, жалға беру

Енді осы 19,2 триллион теңгеге трансферттер, айыппұлдар мен жалға беру сияқты салықтан тыс түсімдер қосылады да, республикалық бюджеттің кіріс бөлігі 23,1 триллион теңге деп бекітілді.

Бюджет келесі жылы Ұлттық қордан тек 2,77 триллион теңге ғана алуы тиіс. Ал келесі жылы егер мұнай баррелі орта есеппен 60 доллар, теңге курсы долларға шаққанда 540 деңгейінде болатын болса, мұнай секторынан Ұлттық қорға 4,1 триллион теңге түседі деп жоспарланған. Сонда мұнайдан түскен ақша бюджет алатын трансфертті толықтай жабады және 1,3 триллион теңге артылып қалады да, Ұлттық қор көбейе бастайды. Себебі қорда тек мұнайдан түскен табыс емес, сонымен қатар өзінің инвестициялық табысы да бар, - деп атап өтті Айбар Олжай.

Белгілі болғандай, егер келесі жылы Ұлттық қор инвесттабыстан кемінде 4 триллион теңге түсіре алса, онда қор қоржыны 5,3 триллион теңгеге молаюға тиіс.

Оны 540 курсымен есептейтін болсақ, бұл 9,8 миллиард доллар. Сонда, Ұлттық қордың қазіргі активтері 61 миллиард доллар деп алсақ, келесі жылдың қорытындысы бойынша барлығы ойдағыдай болса ол 70 миллиард доллардан асуы қажет. Ал жалпы, Ұлттық қор мен алтын-валюта қорын қоссақ, біздің халықаралық резервтер қазір 115 миллиард доллардан асып тұр, - деді экономист.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы