Былтырғы дағдарыстың қайталануына жол берілмейді – Тоқаев Екібастұз туралы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысының әкімі Асаин Байхановтың баяндамасына тыңдап, Екібастұз мәселесіне қатысты тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңесте Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жайында баяндама жасады.

Президент әкімнің баяндамасын тыңдап болған соң тиісті тапсырма берді.

Екібастұз энергетикалық торабын жаңғырту - басым бағыт. Үкімет пен әкімдік «ГРЭС-1» бірінші энергоблогын уақтылы іске қосуды және «ГРЭС-2» жаңа екі блокты салуды қамтамасыз етуі қажет. Бұл ел көлеміндегі жобалар, - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы әкімге былтырғы жағдай қайталанбауы керегін айтты.

Ал Екібастұз ЖЭО-ны жаңғырту және келесі жылыту маусымына дайындыққа келетін болсақ, барлық жоспар толық көлемде және мерзімінде орындалуы тиіс. Былтырғы дағдарыстың қайталануына жол берілмейді, - деді Тоқаев жиында.

Еске сала кетейік, Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өтуде. Кеңес барысында Мемлекет басшысы еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құруымыз керек екенін айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Егемен Қазақстан
Өзгелердің жаңалығы