Былтыр жалған шот-фактура жазған 2 мыңнан астам салық төлеуші анықталды

ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті 2024 жылы 300 млрд теңгеден астам сомаға тауарларды нақты жөнелтусіз және қызметтер көрсетусіз шот-фактуралар жазып берген 2 мыңнан астам салық төлеушінің қызметін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атап айтқанда, Абай облысында бар болғаны 10 гектар егістік алқабы бар шаруа қожалығы жалған шот-фактураларды пайдалана отырып, 2 мың тонна күнбағыс тұқымын сатқаны туралы мәлімдеген.

Бұл ретте бір гектардың нақты өнімділігі 1,3 тонна тұқымды құрайды. Осылайша фермер сатылымды 153 есе асырған. Кейінірек салық төлеуші өнімнің сатылмағанын және шот-фактуралар алынып тасталғанын мойындады.

Тауарлар мен қызметтерге жазылған шот-фактураларды тексеру нәтижесінде салық төлеушілер жұмысшыларсыз, қажетті материалдық базасыз және үшінші тұлғалардың қызметтерін тартпай құрылыс қызметтерін көрсететін жағдайлар анықталды.

Тағы бір мысал – бір айдан аз уақыт бұрын құрылған компания ағылшын тілі курстарына 3,5 млрд теңге сомасында шот-фактуралар жазған, оны ол небәрі 24 күнде өткізді. Кейіннен осы компанияны тіркеу жарамсыз деп танылған.

Адал бизнесті қорғау үшін МКК электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) жазып беру кезінде биометриялық сәйкестендіруді пайдалану жөніндегі пилоттық жобаны қоса алғанда, цифрлық шешімдерге баса назар аудара отырып, алдын алу шараларын енгізеді. Қазіргі уақытта сәйкестендіруден өтпеген 2 мың адамның ЭШФ жазып беру әрекеттерін болдырмауға мүмкіндік туды, - делінген хабарламада.

Бұдан басқа, жаңа Салық кодексінің жобасында ҚҚС әкімшілендіруді жақсарту үшін ЭШФ автоматтандырылған бақылауын енгізу жоспарлануда. Жүйе нақты уақыт режимінде деректерді талдайды және салық төлеушінің ҚҚС балансын есептейді. Егер ЭШФ жазып беру заңды шығындармен расталмаса, құжатты салық төленгеннен кейін ғана рәсімдеуге болады. Бұл тәсіл жалған мәмілелердің алдын алады, ал бақылау механизмі адал қатысушыларды шектемей, тәуекел тобындағы салық төлеушілерге қолданылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ерболат Бекболат
Өзгелердің жаңалығы